Археологтар Қаратау тау бөктерінен ортағасырлық керуен-сарайдың орнын тапты

Жамбыл ауданы Айша бибі ауылынан 13 шақырым жерде Қаратау тау бөктерінен ортағасырлық керуен-сарайдың орны табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 Ежелгі Ұлы Жібек жолының Жамбыл облысының аумағы арқылы өткені тарихтан белгілі. Жол бойына жақын жерде керуендер аялдап дем алып, саудасын жүргізетін сарайлар болуы қисынға келеді. Археологтар қазба жұмыстары кезінде ашқан сарай соның бірі дейді.

Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде екі ғимараттың іргетасы мен қабырғаларының сынықтары табылған.

Мамандар орны табылған керуен-сарайды біздің заманымыздың XI-XII ғасырларына жатқызады.

Бұл – Қараханидтер әулеті билік еткен кезең. Ғалымдар керуен-сарай саяхатшыларға Қаратау бөктерінен өту кезінде уақытша тұрғын үй ретінде қызмет еткен деп болжайды.

"Күйік асуының оңтүстік жағында Нұрлыкент ауылының маңынан осындай тұрақтар табылды. Бұны керуендерге арналған маршрут деуге болады. Асудан өткеннен кейін саяхатшылар осында тоқтаған. Табылған археологиялық материалдар оны растап отыр. Мұнда табылған су құбырының керамикалық сынықтары керуен-сарайға ауызсу жүйесі тартылғанын көрсетеді", - деді Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Әкімбек.

Қазба орнында әртүрлі керамикалық бұйымдар да табылды. Бір назар аударатыны, оларды жасауда әртүрлі өрнекті пайдаланған. Бұл әр аймақтың керамикалық ыдыстар жасау технологиясы бөлек болғанын көрсетеді. Қолмен немесе керамикалық дөңгелек қазандардағы фрагменттердің түріне қарап археологтар оны белгілі бір уақытқа жатқызып отыр.

"Біз үш жылдан бері археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Табылған заттардағы өрнектерге қарап оның басқа жерде кездеспейтінін аңғардық. Бұл ғалымдарға осы аймақта орта ғасырларда керамика жасау технологиясы жақсы дамыған деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді", - деп түсіндіреді институттың ғылыми қызметкері Несіпбай Нұрғали.

Археологтар керуен-сарай орнында әрі қарай да қазба жұмыстарын жалғастыра бермек.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!