- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Археологтар Жамбыл облысынан...
Археологтар Жамбыл облысынан көне қаланы тапты
Археологтар Жамбыл облысындағы көне қаланың бір бөлігін тапты. Олардың айтуынша, 600 гектар аумақтағы елді мекен Түрік қағанатына тиесілі. Бұл туралы Хабар 24 жазды.
Жамбыл облысы Құмтиын ауылы маңында археологиялық қазба жұмыстары 20 күн бұрын басталған. Мамандар бұл жерде VI-ХІІ ғасырларға жататын Қаракемер қаласы болғанын анықтады.
Қазба кезінде үйлердің бірнеше бөлмелері, қыш ыдыстардың сынықтары, пеш пен үй жануарларының сүйектері табылды. Табылған заттар сол кезеңдегі ауыл шаруашылығының жоғары деңгейде дамығанын растайды.
"Төрткүлтөбе-1-де ені 11-ден 12 метрге дейін қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бірнеше бөлмелер анықталды. Ал осы жерден олар ұзындығы 15 метрден асатын қабырғаны қазып алдық. Қазір тазалап, оның ненікі екенін анықтау үшін зерттеп жатырмыз", – дейді археолог Ералы Ақынбек.
Ең бастысы, археологтарды 1200 градус температурада жасалған шыны кесектері таң қалдырды. Табылған қоныста тағы бір ай бойы қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Т. Раушанұлы