- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Баланың шығармашылығы
“Әрбір минутын жоспарлайды“. Баланың шығармашылығын қалай дамытқан дұрыс?
Бүгінде балам шығармашыл болсын деп бірінші үйірмеден екіншісіне сүйреп, бір минутын да бос қалдырмайтындар көп. Оған қоса қазіргі балалардың мінез-құлқы мен іс-әрекеті жиі талқыланады. Дегенмен перзентімді болашақта табысты етемін деген ата-ана кейде тым артық кетіп, оның қызығушылығын мүлде басып тастауы мүмкін. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі баланың шығармашылығын қалай дамыту керегін психолог Диана Ордағұловадан сұрады.
Психолог ең алдымен баланың мінез-құлқының қалыптасуына қандай факторлар әсер ететінін түсіндіріп, бірнешесін тізді.
Оның айтуынша, бұл тізімге отбасы, әлеуметтік орта, мәдениет, биологиялық және психологиялық факторлар кіреді.
"Отбасы бірінші орында тұр десек болады. Өйткені баланың мінез-құлқының қалыптасуына отбасындағы ата-ананың тәрбиесі, тәрбие стилі әсер етеді, яғни ата-ана баланы тәрбиелеуде қандай стильді қолданады? Авторитарлы ма, либералды ма, әлде демократиялық стиль ме? Сондай-ақ отбасындағы қарым-қатынас жүйесі. Бала басқалармен қарым-қатынас жасауды ата-анасынан үйренеді. Мысалы, анасы енесімен қандай қарым-қатынаста немесе әкесі анасымен қандай қарым-қатынаста, бала соған қарап өседі. Ол осы арқылы өзінің бойында басқалармен қарым-қатынас жасаудағы мінез-құлық үлгісін қалыптастырады. Яғни бұл жерде ата-ана бала үшін үлгі. Келесі - отбасындағы психологиялық климат. Эмоционалды қолдау, отбасы мүшелерінің бір-бірін эмоционалды қолдауы, бір-біріне сенімі, міне, осының бәрі отбасылық фактор", - деді психолог.
Фото: depositphotos.com
Екінші фактор - әлеуметтік орта немесе қоршаған орта. Бұған мектеп, баланың достары, мұғалімдердің ықпалы, оқу ортасына бейімделуі, қандай балалармен, қандай ортада араласатыны жатады.
Үшінші фактор - мәдениет, оған жалпы салт-дәстүр, наным-сенім, мәдени нормалар, құндылықтар кіреді.
Төртінші фактор - биологиялық фактор, яғни генетика, жалпы баланың денсаулығы, физикалық жағдайы, денесінің саулығы.
Бесінші фактор - психологиялық, бұған баланың жеке, темперамент ерекшелігі жатады.
"Сангвиник, холерик, меланхолик, флегматик"
"Темперамент - тума берілетін қасиет. Ол мінез-құлықты қалыптастыратын алғашқы нышан, яғни темпераментті дамыта келе біз баланың бойында қандай да бір мінез-құлық үлгісінің қалыптасуына көмектесеміз. Темперамент жалпы баланың жүйке жүйесімен де байланысты. Бала туған кезде оның жүйке жүйесінде екі түрлі процесс болады, қозу және тежелу. Осыған қарай оның темпераменті анықталады. Егер жүйке жүйесінде қозу процесі басым болатын болса, ол сангвиник немесе холерик болып дүниеге келеді. Ал егер тежелу процесі басым болса, онда меланхолик немесе флегматик болып дүниеге келеді", - дейді ол.
Психологтың сөзінше, ата-ана мен бала арасындағы кикілжіңдер көп жағдайда осы темпераменттің әртүрлілігіне де байланысты болады. Мысалы, анасы - холерик, өте шапшаң, белсенді келеді. Ал баласы - меланхолик, ол, керісінше, өте баяу, тұйық болады. Дегенмен анасы өзі холерик бола тұра, баласына күшті талап қоя бастайды, жылдам, шапшаң, ашық болуын, кез келген ортаға тез сіңуін талап етеді. Мұндай кезде ана мен бала арасында түсініспеушілік пайда болады. Өйткені бала оған физикалық тұрғыдан, табиғатынан бейім емес. Оның жүйке жүйесінде қозуға қарағанда, тежелу процесі басым. Міне, осыған байланысты бала анасының талабын орындай алмайды.
"Баланың қалыптасып жетілуіне осындай факторлар әсер етеді және мұндай кезде әрбір қимылға егжей-тегжейлі мұқият болғанымыз жөн. Балаға аса қамқорлық таныту дұрыс емес, баланың қабілеті ашылуы керек. Баланы мүлде жылусыз, махаббатсыз қалдыруға да болмайды. Ата-ана әрдайым қақ ортаны ұстануы шарт. Баланың психикасы мықты болсын десеңіз, оны барлық қиындықтан қорғауға тырыспаңыз. Бала өзі фрустрациялануы керек", - деді ол.
Фрустрация - алға қойған мақсаттарына жете алмаған, жоспары күл-талқан болып күйреген адам басынан өткеретін уайым, үрей билеген психологиялық жай-күй.
Фото: depositphotos.com
Баланың дарыны қанша жастан бастап байқала бастайды?
Диана Ордағұлова баланың дарыны әртүрлі жаста байқалуы мүмкін екенін айтады, дегенмен де көбінесе 3-6 жас аралығында көріне бастайды.
Психолог осы тұста дарын неліктен 3-6 жас аралығында байқалатынын түсіндірді.
"Баланың шығармашылығы мен танымдық әрекеттерінің дамуы осы 3-6 жас аралығында болады. Сонымен қатар психологияда сензитивті кезең деген түсіндік бар, яғни сезімтал кезең. Осы сезімтал кезеңде баланың бойында білгілі бір қабілеттер дамиды. Сөйтіп, 3-6 жасы аралығы шығармашылық қабілеттерді дамытуға сезімтал кезең саналады. Бала осы кезеңде өз қызығушылығын, қабілетін көрсетіп бастауы мүмкін. Алайда дарын әр баланың жеке ерекшелігіне байланысты әртүрлі уақытта қалыптасуы мүмкін.
Мысалы, кейбіреулерінің дарыны ерте байқалады, кейбіреулерінде кеш шығады, тіпті 40 жастан асқан кезде үлкен жетістіктерге жетіп, бойында қабілеті ашылып, тіпті Нобель сыйлығының иегері болып жатқанын көреміз", - деді ол.
Сондықтан маман ең бастысы - ата-ана баланы әрдайым қолдап, оның бойындағы дарынын дамытуға мүмкіндік жасауы қажет деп санайды.
Балам шығармашылықта болсын деген ата-ананың ең көп жіберетін қателігі қандай?
Психолог әдетте ата-ана баланың шығармашылығын дамытуға тырысқанда бірнеше қателік жіберетінін растап, осындай қателіктің бірнешесін ұсынды.
Оның айтуынша, ең көп кездесетіннің бірі - міндеттеу.
"Ата-ана балаға белгілі бір өнер түрін міндеттеп, сол арқылы баланың қызығушылығын жойып жіберуі мүмкін немесе баланың қызығушылығы жоғына қарамастан, ата-ананың бірі өзінің бала кезінде орындай алмаған арманын баласының бойынан көргісі келіп, оны мәжбүрлейді. Бұл, әрине, дұрыс емес, кейде тіпті керісінше әсер етуі мүмкін", - деді маман.
2. Салыстыру: Әсіресе жетістіктеріне қатысты салыстыру. Бұл баланың өзін-өзі бағалауына теріс әсер етеді.
3. Шектеу: Баланың шығармашылық тәжірибесін шектеп, белгілі бір стандарттарға сай болуын талап ету.
4. Сынау. Баланың шығармашылық жұмысын сынға алып, талпынысын бәсеңдету.
"Ата-ана, керісінше, баланы мақтау, мадақтау арқылы ынталандыруы қажет"
5. Бос уақытты жоспарлау. Яғни балаға мүлде бос уақыт қалдырмау, әрбір минутын жоспарлап, шығармашылыққа уақыт бөлмеу.
Диана Ордағұлова балаға әрдайым шығармашылыққа уақыт қалдырып, эксперимент жасауға мүмкіндік беру керегін айтады. Сонда ғана баланың бойындағы қабілеті ашылып, дарыны одан әрі дамитын көрінеді.
Фото: depositphotos.com
Ойын арқылы баланың шығармашылығын дамыта аламыз ба?
Психолог баланың шығармашылығын ойын арқылы дамыту өте тиімді екенін алға тартты.
"Бала ойнағанда жеке идеясын жүзеге асырады, қандай да бір жаңа тәсілді зерттеп көреді, достық, қарым-қатынас, ынтымақтастық дағдыларын жетілдіреді. Ойын арқылы баланың қиялы дамиды, ал қиял баланың шығармашылығын дамытудың бірден-бір жолы", - деді маман.
- Рөлдік ойындар. Бала түрлі рөлдік ойынды ойнау, түрлі жағдайды басынан өткеру арқылы бойындағы дарынын дамыта алады.
- Шығармашылық тапсырмалар. Мысалы, сурет салу, мүсін жасау, ән айту және тағы басқа.
- Проблеманы шешуге бағытталған логикалық ойындар. Бұл баланың сыни ойлау қабілетін жақсартады.
Баланың шығармашылығын қалай дамытуға болады?
Маман баланың шығармашылығын дамытуға көмектесетін бірнеше тәсілді ұсынды.
Бірінші, шығармашылық ойындар ойнау.
Екінші, әртүрлі жанрдағы кітаптарды оқу.
"Кітапты тек оқып қана қоймай, тақырыптағы өзекті мәселелерді баламен бірге талдаған дұрыс. Балаға міндетті түрде сұрақ қоямыз, әрбір кейіпкердің іс-әрекеті туралы ойын сұраймыз", - деді ол.
Үшінші, тапсырма беру. Балаға еркін тақырыпта эссе, өлең, ән жазуды тапсыру. Балалармен бірге жұмыс істеп, идея бөлісе алатындай топтық жұмыстарға қатысуға шақыру.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә