Facebook-те Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жалған ақпарат тарады. Онда ол "әрбір қазақстандық жыл аяғында 150 мың теңге алады" деп уәде еткен. Алайда бұл шындыққа жанаспайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстанның мемлекеттік органдарының сайттарында, оның ішінде ҚР Президентінің akorda.kz сайтында мұндай төлемдер туралы ресми ақпарат жоқ. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарланбады.
Бұл ақпаратты жариялаған "Өтемақы орталығы" деп аталатын аккаунтта жалған парақшаның барлық белгісі байқалады. Профильде келтірілген мәліметтерде +52 коды бар байланыс телефоны жазылған, бұл - Мексиканың коды. Ал суретке Қазақстанның елтаңбасы қойылған. Бірақ жарияланымдар лентасында оның орнында бұрын Беларусь Республикасының елтаңбасы болғанын көруге болады.
Бұл - киберқылмыскерлердің әрекеті. "Өтемақы орталығы" арқылы өтемақы төлеу - бұл ескі алаяқтық схема, ҚР мемлекеттік техникалық қызметінің KZ-CERT сарапшылары ол туралы 2020 жылы қазақстандықтарға ескерткен болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!