- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Арбаға таңылғанына қарамастан,...
Арбаға таңылғанына қарамастан, адал еңбегімен отбасын асырап жүрген құрманғазылық жігіт көпшілікті сүйсінтті
Отбасын адал еңбегімен асырап жүрген І топ мүгедегі Бейсенбай Әжіғалиев Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бейсенбай мүгедек болып туылған жоқ. Дені сау болып өмірге келді. Оқу оқыды, еңбек етті. Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеп жүріп, 2007 жылы отбасын құрды. Кейін теміржол саласына ауысты.
"Машинист болып жұмыс жасап жүрген уақытымда қатты ауырып қалдым. Бұл 2011 жыл болатын. Күтпеген жерден инсульт алып, екі аяғым мен екі қолым тартылып, жұмыс жасамай қалды. Бір жыл төсек тартып жаттым. Орнымнан қозғала алмадым. Жұбайым Динараның көмегі көп болды. Жұбайымның күтімі, дәрігерлердің көмегі арқасында қоларбаға отыратын жағдайға жеттім. Ол кездегі ішкі жағдайымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ешқайда шыққым келмейтін, адам баласын көргім келмейтін. Бірақ, Динарамның табандылығының арқасында, қоғамға қайта сіңе бастадым" - дейді Бейсенбай.
Бейсенбай төсекке таңылған уақытта көлігі гаражда бос тұрған. Осылайша, күндердің күнінде балалардың қамы үшін Бейсенбай әрекет етуге бекінеді.
"2015 жылы көлігімді Ресейдің Астрахань қаласына апарып, тетіктерін қолмен басқаратындай етіп, қайта жасаттым. Сөйтіп, такси тасымалымен айналыса бастадым. Қазір аудан ішіне жолаушыларды тасымалдап жүрген жайым бар. Әлі күнге дейін көлікке жолдасым көтеріп мінгізіп, көтеріп түсіреді. Алға қарай автокөліктің электр жабдықтарын қарайтын техникалық қызмет көрсету орнын ашу жоспарымда бар", – дейді Бейсенбай.
Отбасының кіршіксіз махаббатының арқасында өз-өзін жинақтап, "екінші өмірі" басталған Бейсенбай қандай қиындықтар болса да, мұқалмау керектігін айтады.
"Өмір – сынақ. Сынақтан өтудің екі жолы бар. Біріншісі – ештеңе істемеу, екіншісі - тәуекел етіп, әрекетке көшу. Әрекет түбі – берекет" дейді кейіпкеріміз.
Адал еңбегімен отбасын асырап, қоңыр тіршілік кешіп жатқан Бейсенбай мен Динара құрған бақытты шаңырақта бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиеленіп жатыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы