Арбаға таңылған атыраулық депутат мүгедектік алуда қолдан жасалған кедергілерге шүйлікті

Арбаға таңылған атыраулық депутат мүгедек бола тұра, онысын дәлелдей алмай жүрген азаматтың жағдайы туралы жазба қалдырып, қолдан жасалған кедергілерге шүйлікті. Бұл туралы жергілікті мәслихат депутаты Гүлназ Қосмурзиева Фейсбук желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттың жазуынша, 46 жастағы Азамат есімді қала тұрғыны мүгедектігін дәлелдеу үшін жыл сайын комиссия есігін тоздыруға мәжбүр.

"Азамат осыдан 20 жыл бұрын жарақат алған және жыл сайын мүгедектік тағайындау рәсімінен өтеді. Неге оған мүгедектік түбегейлі берілмейді? Ол балдақпен қозғалады, бір аяғы екіншісіне қарағанда қысқа, аяғы үнемі ісінеді, ауырады, жамбасы бүгіліп, балдақтардың көмегімен ғана қозғалады. Неліктен адамды мазақ ету керек? Жыл сайын көптеген құжаттарды жинап, мүгедек екеніңізді қайта дәлелдеу не үшін керек?" деп жазды Гүлназ Қосмурзиева.

Гүлназ Қосмурзиеваның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын мүгедектігі бар адамдар саны артып келеді.

"Ең маңызды мәселе - бұл мүгедектікті алу процедурасы. Бұл қазірдің өзінде тозақтың шеңбері, сіз комиссияға жыл сайын келіп, науқас екеніңізді дәлелдеуіңіз керек" деп жазды Гүлназ Қосмурзиева.


Соңғы деректерге қарағанда, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдар саны 702158-ге жеткен.


Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!