Арасында 16 бала бар: Ақтөбе облысында тойдан кейін уланып қалғандар саны артты

Ақтөбе облысында уланып, ауруханаға жатқызылғандар саны 113 адамға жетті. Олардың арасында 16 бала бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

23 маусымдағы жағдай бойынша ішек инфекциясы белгілерімен 113 адам медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жатқызылған. Науқастар Мұғалжар аудандық ауруханасына және облыстық клиникалық инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың ішінде 16 бала бар.

"Санитария-эпидемиологиялық қызметке шұғыл хабарлама жіберіліп, бактериологиялық зерттеу жүргізу үшін сынама алынды. Ауруханаға жатқызылған науқастардың жағдайы орташа ауыр дәрежеде деп бағаланып отыр", - деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы өкілі.

Ведомство мәліметінше, науқастарға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Ауруханаларда қосымша төсек-орындар дайындалып, дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры жасақталған.

Алдын ала мәлімет бойынша ауырғандардың барлығы бір мейрамханаға барған.

"Науқастар мейрамханаға түрлі себеппен, соның ішінде тойға, ас беруге және басқа да көпшілік жиындарға қатысу үшін барған. Мамандар тексеріс аясында барлық тағамнан сынама алып, зерттеуге жіберді", - деді Ақтөбе облысы Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілі.

Жаппай улану дерегі бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 304-бабы (санитария қағидаларын немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша соталды тергеу бастаған.

Еске салайық, бұған дейін де Ақтөбе облысында 100-ден аса адам тойдан кейін ауруханаға түскені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!