Аралға “жаңбыр жауғызған“ жігіт енді Алматының ауасын тазартпақ

Аралға “жаңбыр жауғызған“ жігіт енді Алматының ауасын тазартпақ
Фото: facebook.com/altai.ainabek

Аралға "қолдан жаңбыр жауғызамын" деген өнертапқыш Алтай Айнабек енді Алматыны тазартуға кіріспек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жоба авторы бұған дейін Аралда жұмыс істеді. Оның бұл әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті. Алтай Айнабектің сөзінше, осы жұмыстардың нәтижесін білу үшін Түркістан облысының шаруаларымен де кездескен. Риза шаруалар шапан жауыпты.

"Биыл Түркістанда бидай 20-25 центнерден рекорд өнім берді. Соңғы жылдары өсімдіктерді ауру етіп қырып бара жатқан, құрғаған Аралдан тараған тұзды у бұрынғыдай жайылмай, ағаштар қайта тірілді, көкөністерімізге дәріні аз берсек те өнім мол болды", - деп ырзалығын айтып, шапан жапты", - деді ол желіде.

Алтай Айнабек алдағы жоспары Алматыға қатысты екенін айтты. Жоба 20 қарашадан 2025 жылғы 15 cәуірге дейін жалғаспақ.

"Алматының ауасын тазарту революциялық жобамыздың сәтті шығуына шыр-пыр болып жүрміз. Миллиондаған адамның көзінше Алматы қаласының ауасының тазалығын қамтамасыз етіп отыру керек", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алтай Айнабек Massaget.kz-ке көлемді сұхбат беріп, технологиясының құпиясын ашты. 

Rainman лақапатымен танылған Алтай Айнабек - Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген International Center of Climate Change Technologies мекемесінің басшысы. Ол - халықаралық климаттық технологиялар саласының маманы әрі сарапшы, климатты басқару жүйесінің авторы, инженер. Алтай Айнабектің айтуынша, бұл салада 8 жылдық тәжірибесі бар.

Ол бұған дейін Қазақстанда осы бағытта бірнеше мәрте жұмыс істеген. 2022 жылы наурыз, сәуір, мамыр айларында Маңғыстауда тәжірибе жасаған. Сол кезде "Қазгидромет" ресми түрде жауын-шашын деңгейі 100 пайызға көтерілгенін тіркеген. 2023 жылы Түркістан облысында тәжірибе жасаған. "Қазгидромет" ресми жауын-шашын деңгейі 600 пайызға дейін көтерілгенін тіркеген. Одан соң Аралда жұмыс істеді.

Кейінірек Су ресурстары және ирригация министрлігі "Аралға жаңбыр жауғызамын" деген жігіттің әрекетіне қатысты пікір білдірді. "Қазгидромет" те өзіндік ұстанымын айтты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова