Ақмола облысы Біржан сал ауданына қарасты Көдебас ауылында жалғыз жолды су шайып кетті. Жан-жағы түгелдей суға толған ауыл аралға айналған. Жергілікті биліктен ешқандай үміт күтпеген халық "үйлерін су шайып кете ме" деп буырқана аққан суды өз күшімен ағызып жіберуге мәжбүр болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір ауылда арқырап ағып жатқан судың шеті де, шегі де көрінбейді. Ауыл сыртқы әлеммен мүлде байланыссыз қалған.
Ауыл халқы жергілікті билікке талай мәрте хабар беріп, құтқару шараларын жүргізуді сұрағанымен, ешкім ат ізін де салмаған. Тасқын су ауылды тұтастай шайып кетпес үшін ауыл азаматтары қолдарына күрек алып күн-түн демей арпалысып, өз күшімен судың арнасын бұрып ағызуға мәжбүр болған.
"Міне, ауылға жүретін жолымызды түгелдей су шайып кетті. Ауылға кіретін де, шығатын да жол жоқ. Бұрын-соңды болмаған су келді. Қазір ауылға ешқандай қатынас жоқ. Қыстай малымыз да қырылып қалды. 25 үйлі біздің ауылдан ғана 200-ден аса жылқы қырылды. Ауылға ешқандай әкім келмеді. Елде төтенше жағдай болғаннан кейін бүгін ғана келді. Қыстай қардан жөнді жолымыз да болған жоқ", - дейді Күдебас ауылының тұрғындары.
Ауыл тұрғындары халықпен кездесуге келген аудан әкімі Достанбек Есжановтың жұмысын сынға алды.
"Мен осы ауылда сексенінші жылдардан бері тұрамын. Мынадай су тасқынын бірінші рет көріп тұрмын. Бұрын мұндай болған жоқ. Сіз аудан әкімісіз бе? Мен Дәмеш деген осы ауылдың тұрғынымын. Қыс бойы отырдық. Бізге келіп, "қалдарың қалай?" деп бораннан кейін келіп қалымызды неге білмейсіз? Әкім деген ауылға келмей ме? Халықтың жағдайын білмей ме? Сіз үшін біз кімбіз? Ауылда жігіттер жүгіріп жүр. Телефоннан "Алла жазса, аман болсақ бірдеңе қылармыз" дейсіз. Сондай сөз бола ма?" - дейді ашынған ауыл тұрғыны.
Тұрғындардың сөзінше, ауылдың шеткі үйіне, ауыл мешітіне дейін су келген. Мал суға кете ме деп қауіптенген тұрғындар күні-түні ұйқысыз күзетіп жүргенін айтты.
"Жолдарды су шайып кеткен, ауылмен байланыс, қатынас жоқ. Ауылда ауызсу, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жоқ, халық құрсауда отыр. Тұрғындар өз күшімен суды жырып, ауылды суға кетуден сақтап қалды. Биліктен еш қайран болмады", - дейді ауыл тұрғындары.
Аудан әкімі Достанбек Есжанов жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
"Көдебас ауылындағы барлық ахуалмен таныспын. Өз басым ауылға барып, мән-жаймен танысқан болатынмын. Тұрғындармен кездесіп, қажет көмек көрсетілетіні жайлы айтылған болатын. Басшы ретінде 28 наурызда Семізбай жақтың, 29-30 наурызда Көдебас, Еңбек, Кеңащы ауылдарының жағдайымен танысу үшін жұмыс сапарымен шықтым. Бүгін Көдебас ауылының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында барлық күш жұмылдырып, ас-су, дәрі-дәрмек, жанармай жеткізіліп жатыр. Арнайы техника да жолға шықты", - деді Достанбек Есжанов.
Абзал Алпысбайұлы
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз