Аралда балық көбейе бастаған

Соңғы 5 жылда алғаш рет Аралға су жіберу жоспары 100 пайызға жуық орындалды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, биыл вегетация кезінде Арал теңізіне 977 млн текше метр су жіберді. Бұл жоспарланған көлемнің 98 пайызы. Айта кету керек, соңғы бірнеше жылда суару маусымында теңізге 350-400 млн текше метрдің айналасында ғана су жіберіліп келген болатын.

Ал жыл басынан бері Аралға 2 млрд текше метрден астам су келді. Министрлік жыл соңына дейін тағы 500 млн текше метр су жіберуді жоспарлап отыр.

"Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов суару маусымы кезінде Аралға 997 млн текше метр су жіберу жөнінде келісімге келген болатын. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Салыстыру үшін, теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді. Көрсеткіш 10 есе артық", – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов.

Аралдан бөлек, биыл алғаш рет суару кезеңінде теңіз маңындағы Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метрден астам су жіберілді. Бұл балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға тиімді әсер етіп отыр.

Мәселен, соңғы жылдары Арал теңізінің минерализациясы азайып, балықтың көбеюіне жағымды әсер ете бастаған. Салыстыру үшін, теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды.

"Менің жасым 76-да. Көзімізді ашқаннан теңізден балық аулаумен айналысып келеміз. Су келгелі балық та жанданып, дарияға кіріп жатыр. Биыл былтырғыға қарағанда балық көбірек. Аралды осы деңгейде ұстап тұрса да балық шаруашылығы дамиды", – дейді Қаратерең ауылының тұрғыны, балықшы Күнтуған Тұрғанбаев.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта жоба бойынша қажетті құжаттама әзірленуде. Екінші кезең – Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина