Шөлейтті белдеуде орналасқандықтан Қызылорда облысы бал арасын өсіруге қолайсыз. Сырдария ауданы Тереңөзек кентінің тұрғыны Еркін Аймаханов соған қарамастан 14 жылдан бері омарташылық кәсіппен айналысып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әуелі көршімнен 5 ара отбасын сатып алып, қалай болатынын байқап көрдім. Бағу, бал алу тәсілдерін Youtube-тан үйрендім. Алғашқыда ненің не екенін түсінбегесін араларды өлтіріп алдым. Бірақ қайтқаным жоқ, қайтадан сатып алып жалғастырдым", - деді кейіпкер.
Қазір оның саны 40-қа жетті. Бірақ әр ұяшыққа тиесілі мемлекеттік субсидияны алып отырған жоқ. Еркін Аймаханов мұның себебін құжат жинаудың қиындығымен байланыстырды. Бір тоқсан ішінде орта есеппен 3 тонна өнім алады екен. Келісі - 2 мың теңгеден.
"Мамыр айының аяқ жағына қарай бал жинауды бастаймыз. Бізде көбіне кұрғақшылық, жауын-шашын сирек, сонда да әр жерге көшіп-қонып жүргенін пайдаланып бал аламыз", - деді ол.
Омарташы карника араларын асырап отыр. Оны Германиядан тапсырыспен алдырған.
"Аралар да ауырады, кенелейді. Мұндай жағдайды уақытылы анықтап, ем жасаймыз", - деді Еркін Аймаханов.
Кейіпкеріміз балға қант қосатындардың қатарынан емес екен.
"Аштан өлмесін деп күзде араларға шәрбат береміз. Оны шеңгел ағашы гүлдегенше жеп тауысады", - деді омарташы.
"Бал сатып, байып кетемін дей алмаймын" дегенімен, Еркін Аймаханов мұны болашағы бар кәсіп ретінде көреді.
Назерке Саниязова
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!