• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілді

Арал теңізіне 1 млрд текше метр су жіберілді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Арал теңізін жандандыру үшін 1 миллиард текше метр су жіберілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жоспардан артық"

Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми ақпаратына сүйенсек, 2024 жылғы қазаннан биылғы қаңтарға дейін Солтүстік Арал теңізіне 1 миллиард текше метр су жіберілген.

"Бұл жоспарланған көлемнен 100 миллион текше метрге артық. Орталық Азия елдерімен қол жеткізген келісімдердің нәтижесінде 2025 жылғы наурыздың соңына дейін Солтүстік Аралға жіберілген судың жалпы көлемі 1,6 млрд текше метрге жетеді. Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізіндегі судың жалпы көлемі - 22,1 млрд текше метр", - деп жазылған хабарламада.

Алдағы жоспар

2022 жылдың басында 18,9 млрд текше метр болған. Ал 2025 жылдың соңына қарай теңіздегі су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін жетеді деп күтіліп отыр.

"Солтүстік Арал теңізінің ауданы да ұлғайып жатыр. Бүгінгі таңда ол 3065 шаршы шақырымға жетті. Бұл 2022 жылдың басындағы көрсеткіштен 111 шаршы шақырымға көп. Солтүстік Арал теңізінің ауданы мен көлемінің ұлғаюы судың минералдануын азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті. "Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру" жобасы аяқталуға жақын", - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін не белгілі?

Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі теңіздегі су көлемі 42 пайызға ұлғайып, 27 млрд текше метрге жеткенін мәлімдеді. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жеткен. Министрлік бұл Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезеңінің қорытындысы екенін хабарлаған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget