- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Арал теңізін құтқару...
Арал теңізін құтқару операциясы: Жаңбыр адам технологиясының құпиясын ашты
Аралға "қолдан жаңбыр жауғызамын" деген Алтай Айнабек қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Massaget.kz тілшісі Алтай Айнабекпен сұхбаттасып, Арал халқынан ауа райына қатысты пікір сұрады.
Жаңбыр жауғызып жүрген Алтай Айнабек туралы не белгілі?
Rainman лақапатымен танылған Алтай Айнабек - Біріккен Араб Әмірліктерінде тіркелген International Center of Climate Change Technologies мекемесінің басшысы. Ол - халықаралық климаттық технологиялар саласының маманы әрі сарапшы, климатты басқару жүйесінің авторы, инженер. Алтай Айнабектің айтуынша, бұл салада 8 жылдық тәжірибесі бар.
facebook.com/altai.ainabek
"Маңғыстау мен Түркістанда толассыз жаңбыр жауды"
Алтай Айнабек бұған дейін Қазақстанда осы бағытта бірнеше мәрте жұмыс істеген. Оның сөзінше, 2022 жылы наурыз, сәуір, мамыр айларында Маңғыстауда тәжірибе жасаған. Сол кезде Қазгидромет ресми түрде жауын-шашын деңгейі 100 пайызға көтерілгенін тіркеген. 2023 жылы Түркістан облысында тәжірибе жасаған. Қазгидромет ресми жауын-шашын деңгейі 600 пайызға дейін көтерілгенін тіркеген.
Оның сөзінше, биыл 18 маусымнан басталған жұмыстар нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында ортақ құбылыс болып, жауын-шашын деңгейі көтерілген.
"Маңғыстау және Түркістан облысындағы жұмыстарымыздың нәтижелері де керемет болған. Біз соңғы үш жылда елді қуаңшылықтан құтқарып келеміз. Өкінішке қарай, PR командам болмағандықтан ба, біз туралы ешкім айтпады, БАҚ өкілдері де дұрыстап сұхбат алмады", - дейді Алтай Айнабек.
Аралды тірілту операциясы: мақсат қандай, қиындық неде?
Қазір Алтай Айнабек Арал теңізінде жұмыс істеп жатыр. Бұл жұмыстың мақсатын бірінші альпинистің Джомолунгма, Эверестке шыққаны сияқты челлендж деп түсіндірді. Оның сөзінше, осы сатыда 100 шақты адам жұмыс істеген, ал бастапқы сатыға өткенде кем дегенде 1000 адам жұмыс істейді.
"Планетамыздағы ең үлкен экологиялық апат менің Отанымда. Оны шешу қолымнан келеді. Бізді Арал өңірінің халқы, Қызылорда мен қуаңшылықтан әбден шаршаған өңірлердің халқы, Аралға жаны ашитын миллиондаған адам қолдап отыр. Жекеме, пікірде денсаулығы нашар үлкен кісілер, босанған аналар, ата-аналарының өмірі үшін алаңдаулы балалар алғысын жаудырып жатыр", - дейді ол.
Жеке архивтен
Бір қызығы, мұндай тәжірибе бүгін не кеше басталмаған. Алтай Айнабектің сөзінше, КСРО Ғылым академисының ғалымдары 70-жылдары жасанды жолмен жаңбыр жаудырғаны туралы мәлімет бар, бірақ нәтижесі сәтсіз болған.
"Өзбекстангидромет ғалымдарының ғылыми еңбектері бар. Бұлт егу технологиясы ғана пайдаланылған. Нәтижесінде жауын-шашын деңгейін 15 пайызға дейін көтерген", - дейді ол.
facebook.com/altai.ainabek
Алтай Айнабектің айтуынша, бүгінде метеостанциялар болмауы жұмысты қиындатып отыр, метеорадармен атмосферадағы процестерді көруге де мүмкіндік болмай отыр.
"Материалдық техникалық базаның жеткіліксіздігі қиындық тудырады. Жүйе толық жұмыс істеп жатқан жоқ. Атмосферадағы электр қуатын есептейтін құрал мен иондарды өлшейтін құрал алуға ақша қарастырып жатырмыз. Метеоқұрылғылар болмауы дәрігерлердің рентген, анализсіз жұмыс істегеніндей. Жеке тәжірибемен және сынақ әдісімен жұмыс істеуге тура келіп отыр", - деді жоба авторы.
"Жаңбыр адам" қолданатын құпия қандай?
Алтай Айнабектің айтуынша, жұмыс барысында ерекше технология қолданады. Оның ерекшелігі сол - құрғақ жерлерде климатты өзгерте алады. Бұл жобамен Пәкістанда байқауға қатысып, австриялық Rain корпорациясы, БАӘ-ден магниттік технология, швейцариялық Weather Tech технологиялары бақ сынаған бәсекеде жеңіске жеткен.
"Олардың ешқайсының технологиясы шөл мен шөлейт жерлерде, жазықтарда жауын-шашын деңгейін көбейте алмайды, ал нысан Чолистан шөлі (Пәкістанда) болды. Технологияны Еуразиялық патенттік ұйым патенттеген. Халықаралық жасыл технологиялар орталығының реестіріне кіргізілген. Қазір жүйенің тек бір бөлігі жұмыс істеп жатыр", - деді жоба авторы.
Ол процесс қалай жүзеге асатынын түсіндірді.
"Ықшамдап айтқанда, "Clear Sky Manager New Generation" (климат басқару жүйеміздің атауы) климаттық процестерді басқаруда төрт негізгі процесті (конвекция механизмінің гидродинамикалық процестері, заттың сұйық фазалық күйі, литосфералық процестер, суперсұйық электрондар) пайдаланады. Бұлар қазіргі замандағы атмосфералық құбылыстары туралы ғылыми көзқарастарды қалыптастырады. Сондай-ақ, әр жердің өзінің жергілікті климаттық жағдайына, қандай мақсатта жұмыс істеу керек екеніне байланысты белгілі бір механизмдерді пайдалануға мүмкіндік береді. "Clear Sky Manager New Generation" - метеорологиялық процестерді басқарудың ең тиімді әдістерінің бірі", - дейді ол.
Жеке архивтен
Жоба авторының айтуынша, Аралты тірілту идеясы өзінің, әулетінің, достарының қаржысымен, оған қоса Қазақстанның әр түкпірінен қарапайым халық Аралға арнайы соғып, "жігіттер, мынау менің күрекасым. Ел сендерге разы" деп тамақтандырып жатқан халықтың арқасында жасалып жатыр.
Rainman Алтай Айнабек бұл жобадан ешқандай ақша тауып жатпағанын да айтты. Есесіне бүкіл жұмыс барысы көрсетілетін видео дайындап жатыр екен. Болашақта фильмді ағылшын, француз және араб тілдеріна аударып, бүкіл әлемге көрсетсек деген жоспары бар.
Жеке архивтен
Өңірлерде толассыз жауған жаңбырға қатысы бар ма?
Қазақстан өңірлерінде бірнеше күннен бері толассыз жаңбыр жауып жатыр. "Жаңбыр адам" бұл құбылыс өздерінің жұмысының нәтижесі екенін де айтты.
"Бұрын жасағанда да әсері болған. Әлеуметтік желіде көп адам көрмеген соң, табиғи шығар деп ойлады. Бірнеше жыл елді қуаңшылықтан құтқарып келе жатырмыз", - деді ол.
Алтай Айнабек алдағы уақытта бұл жобаны басты кезеңге өткізуді жоспарлап отыр, оған дрон, метеоқұрылғы жасақтап, қазір Орта Азия елдеріне жауып жатқан жауынның біраз бөлігін Арал теңізінің тарихи орнына құюды көздейді.
"Климат басқару жүйеміз ( "Clear Sky Manager New Generation") толық жұмыс істесе, нәтиже әлдеқайда жақсырақ болар еді", - деді ол.
"Министрдің қабылдауында болдым". Биліктің реакциясы қандай?
- Су ресурстары және ирригация министрлігі жобаны қолдады ма?
Су ресурстары және ирригация министрлігі жасанды жолмен жаңбыр жауғызатын "International Center of Climate Change Technologies" компаниясымен ынтымақтастық орнатқан. Мұны Алтай Айнабек редакцияға жолдаған хаты арқылы растады. Ресми хат мәтініне сүйенсек, биыл 5 ақпанда өткен кездесудің қорытындысы бойынша климатты басқару технологиясын қолдану туралы келісім жасалған. Осылайша компания 2024 жылғы 17-19 маусым аралығында Арал теңізінің үш жерінде технологияны қолданатын болып келіскен.
Жеке архивтен
Алтай Айнабек редакцияға Су ресурстары және ирригация министрлігімен арадағы бірнеше ресми хатты жолдады. Хаттарға сүйенсек, Алтай Айнабек тиісті министрліктен климаттық технологияны Арал теңізі аумағында қолдану үшін жұмыс тобын да сұраған. Министрлік мүдделі органдарға кандидаттар ұсыну бойынша хат жолдағанын, нәтижесінде жұмыс тобы құрылатынын мәлімдеген.
Жеке архивтен
Бұған дейін әлеуметтік желіде Алтай Айнабек жоба басталғалы жатқанын, ал оның уақытын Су ресурстары және ирригация министрлігі таңдағанын жазды.
"Хаттарды жолдадым. Бірінші хат алмасу министрлік ашылған сәттен басталған. Былтыр министірдің жеке қабылдауында болдым. Қуаңшылық болған жағдайда Қазақстан миллиардтаған доллар шығын болатыны сөзсіз еді, сол үшін министрлік сақтанды. Бірақ мұндай керемет нәтижеге олар қаншалық дайын болғанын білмеймін", - дейді ол бұл туралы.
18 шілдеде су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов "Әйтек" су торабын аралап, Солтүстік Арал теңізіне су жіберу жұмыстарымен танысты. Нәтижесінде ведомство Солтүстік Арал теңізіне былтыр салыстырғанда 12,5 еседен артық су келіп жатқанын хабарлады.
Су министрлігі мәліметінше, қазір Солтүстік Аралға секундына 75 текше метрге дейін су жіберіліп жатыр. Былтыр секундына 6 текше метр су келген.
"Сырдария өзені арқылы Қызылорда облысына секундына 650 текше метр су келіп жатқандықтан, осындай нәтижеге қол жеткізілді. Өзбекстан және Қырғызстанмен бірлескен жұмыс жүргізілді. Су жіберу кестелері бекітіліп, қазіргі таңда келісімге сай су келіп жатыр. Сондай-ақ, жергілікті шаруа қожалықтарымен де кездестім. Егіс алқаптарын суару үшін қажетті су жеткілікті мөлшерде", - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге сапарында.
QR_Su_resurstari_ministrligi
- Қазгидромет жобаға қолдау білдірді ме?
"Қазгидромет басшысымен жеке кездестім. Телефонмен 2022 жылдан бері байланыстамын. Бірге ғылыми жұмыс жасауға тынымсыз шақырып келемін. Әзірге келіспеді. Жақында тағы ресми хат жолдап, ғылыми жұмысқа шақырдым. Жалпы мемлекет тарапынан тыйым жоқ. Мұндай жұмыстарда әрбір минут маңызды. Ал мемлекттік органдардан хаттарымызға жауап 15 жұмыс күніне дейін келетін болған соң интеграция жасау қиын болып жатыр. Кейбір дамыған елдердің лозунгі - Үкімет бизнестен тез жұмыс істеуі керек", - деді Алтай Айнабек.
- Ғалымдар тарапынан қолдау бар ма?
"ҚР Су ресурстарына қатысты ғалымдар дәстүрлі технологиялар төңірегінде ойлайды, климаттық технологиялардың пайдасы бар деп санамайды, бірақ нәтиже климаттық технологиялар Орта Азия елдеріндегі су тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге қауқарлы екенін көрсетіп отыр. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінің "Қазақстанның климаттық тәуекелдерін бағалау" құжатына сәйкес, жаңа бөгеттер мен платиналар салу қауіпті. Соңғы 10 жылда АҚШ пен Канада осындай ондаған ірі су инфрақұрылымын алып тастағаны туралы ақпарат бар", - деді ол.
"Қолмен құртқанды қолмен қайтаруымыз керек"
Қазір қоғамның пікірі екіге ажыраған. Бір топ қазақтың баласының экологиялық апаттың алдын алғанына қуанса, енді бір топ бұған күдікпен, күмәнмен қарайды.
Алтай Айнабектің сөзінше, қазір жаңбыр жауып, қуаңшылықтың беті қайтқан. Бұл шаруаларға мол өнім алуға мүмкіндік береді. Дегенмен бір нюанс барын растады.
"Жауынның локализация процесіне өтпесек, шаруаларға зиян болуы мүмкін, бірақ қашан ол процеске өтетінімізді Су ресурстары және ирригация министрлігі шешеді. Бізден ол тарапқа хат жолданды", - дейді ол.
Дегенмен "бұл жоба арқылы табиғаттағы барлық процесті технологияның көмегімен иммитация жасауға негізделгенін" айтты.
Жеке архивтен
Жоба авторының өзін сынағандарға да жауабы бар.
"Аралға келсін, теңіздің жағдайын көрсін, Арал өңірі тұрғындарына қарасын, зерттесін дер едім. Қолмен құртқанды қолмен қайтаруымыз керек", - дейді Алтай Айнабек.
Алтай Айнабектің жеке архивінен
Massaget.kz редакциясы жергілікті халықтың да пікіріне құлақ түрді.
"Күн бұрынғыдай ыстық емес. Шілдеде жаңбыр жаумайтын. Биыл күннің райы қайтып, жаңбыр көбейді. Жаз айында бізде үнемі жел, шаңдақ, топырақ борап тұратын. 112-ден жиі 15-20м/с жел болады деп келетін, мұны халық Байқоңырдан ұшқан зымыранмен де байланыстырып жатады. Қазір құм борауы да әжептәуір басылған. Күннің қатты ыстық болмағанын егін жайынан да көруге болады. Бұрын ыстықта жақсы пісетін қауындар биыл аса мәз емес. Аспан жиі бұлттанып, күннің ыстығын басты. Аппаратпен жаңбыр жаудырады дегенде мен де басында сенбедім, көбі жауғаннан кейін сенген шығар", - дейді Арал тұрғыны.
Тұрғындар редакцияға жолдаған сурет. Қызылорда облысы Арал ауданы, 19.07.2024
"Жыл сайын жазда құрғақшылық болатын, мүлдем жаңбыр жаумайтын. Биыл бірнеше күннен бері жаңбыр", - дейді тағы бір тұрғын.
Massaget.kz бұл қызық құбылысқа орай жауапты органдарға ресми сауал жолдады. Қазгидромет, Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми пікірі мен ұстанымын алдағы уақытта тағы да жариялаймыз.
Еске салайық, бұған дейін Арал бассейніне шамамен 50 миллиард текше метр су құйылғаны хабарланды.
Алтай Айнабек кейінгі жазбаларының бірінде Аралдың тарихи табанында қазірдің өзінде тарихи жауын рекорды тіркеліп, бір жылдық жауын-шашын нормасы жауғанын айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова