Б.з.д. 10 млн жыл бұрын Арал маңында мұхит болған. Мұны тарих ғылымдарының магистрі, қызылордалық археолог Жетесби Сұлтанжанов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің археология және этнография ғылыми орталығы Сыр бойының тарихи құндылықтарын түгендеп жүр. Оған Phd доктор Әзілхан Тәжекеев жетекшілік етеді. Орталық құрамында университеттің ғылыми қызметкері Жетесби Сұлтанжанов та бар.
"Арал ауданының Шөміш ауылына жақын Сарышоқы деген жер бар. Құмы шыны өндірісінде қолданылады. Карьер қазу кезінде жерден 40-50 метр тереңдіктен бірнеше кезеңді қамтитын тұрақ табылған. Тұрақтың жоғарғы бөлігі орта ғасырмен мерзімделсе, ең төменгі бөлігі тарихқа дейінгі уақытқа жетеді. Себебі осы тұрақтың ең төменгі бөлігінен акулаға ұқсас жыртқыш балықтардың тісі табылды. Олар тасқа айналып кеткен. Тістер шамамен б.з.д. 10 млн жылмен есептеледі. Бұл жәдігерлер ғалымдардың осы аумақта тарихқа дейінгі уақытта мұхит болған деген пікірін растайды", - деді археолог.
Жас ғалым Жанкент (Қазалы ауданындағы ортағасырлық қала) халқы көшпелі ғана емес, отырықшы да тіршілік кешкенін жеткізді. Оны осы жерден табылған мысықтың сүйегі де сөзін растайды.
Айтуынша, хандар мен билер, олардың туған-туысы, әскері шаһардың цитадель, ал қарапайым халық шахристан, рабат бөліктерінде тұрған.
"2020 жылы цитадель жағынан мысықтың сүйегін тауып, Англияда оған лабораториялық зерттеу жүргізді. Нәтижесінде үй жануарының б.з.д VII-VIII ғасырларға тиесілі екені анықталды. Аяғы сынған, оны емдетіп, асырауды жалғастырған сияқты. Өзі - орталық Азиядағы мысықтың ең көне түрі. Бұл Жанкент жұртшылығы көшіп-қонып жүруге ыңғайлы ит, тағы басқа жануарларды ғана емес, сонымен қатар үй жануары мысықты да асырағанын көрсетті" дейді ғалым.
Кейіпкеріміз экспедиция тобының тағы бір жаңалығын жариялады. Ол Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы Асанас қалашығына қатысты.
"Қазба жұмысы кезінде шаһар орталығындағы үйлердің бірінен хирургиялық ара мен қасық таптық. Хирургтар ампуатацияда осыған ұқсас аралар әлі күнге қолданылатынын айтып отыр. Тағы іздестіріп көреміз, ұқсас бұйымдар табылып жатса, Сыр өңіріндегі ортағасырлық қалалардың бірі - Асанаста қалалық емхана жұмыс істегенін айтуға болады", - деді археолог.
Назерке Саниязова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!