Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ынтымақ ауылы ащы суды ауыз түгілі, ауылға жолатпайды. Соның арқасында елдімекенде қылмыс сап тиылып, елдің ынтымақ, бірлігі артқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұқар Жырау ауданы Ақтөбе ауылдық округінің құрамына кіретін Ынтымақ ауылында 300-ден аса тұрғын бар. Бір қызығы ауылдан ащы су таппайсың. Осыдан екі жыл бұрын, ауыл адамдарының және дүкен иесінің ортақ шешімімен алькоголді сусындар сатылымы тоқтаған.
"Кәсіпкерлердің көбі ішімдіктен бас тартсам сауда болмайды деген түсінікте қалып қойған. Әрине, бұл қате ой. Себебі, арақсыз да сауда жүріп, кіріс екі есе көбеймесе азаймайды", - дейді ауыл дүкенінің иесі Назым Майкүбенов.
Полицейлердің айтуынша, бұл шешім шыққалы бері ауылда араққа тойып, құлап жатқан адам көрінбейді, қылмыс та атымен жоғалған.
"Бұл жобаның алғашқы мақсаты қылмысты азайту. Өйткені қылмыстың жартысынан көбі алкогольді сусын тұтынғаннан болады. Көшеде ешкім араққа тойып құлап жатпайды. Ешкім ешкімнің мазасын бет жоқ алмайды", - деді Ғ.Мұстафин кенті ПБ бастығының орынбасары Аңсаған Мусин.
Ауыл әкімі осындай игі бастаманы бастаған ауылдың ақсақалдарына алғысын білдірді. Себебі, елдің көркеюі үшін ең алдымен тәлім мен тәрбие және бірлік керек. Уақтылы профилактикалық жұмыстың және учаскелік полиция инспекторының жергілікті атқарушы органдармен белсенді өзара іс-қимылы арқасында соңғы жылдары ауыр және аса ауыр қылмыстарға, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы, сондай-ақ ауылда мас күйінде жасалған құқық бұзушылықтарға жол берілмеді.
Ынтымақ ауылында тұрғындармен күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізу нәтижесінде есепте тұрған тұлғалар жоқ. Бір сөзбен айтқанда Ынтымақтықтардың ынтымағы берік боп тұр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!