Алкоголь ішпесе де стақан соғыстыру күнә ма? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Massaget.kz тілшісі ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлдың көмегіне жүгінді.
Ең алдымен, адамдар ішімдік ішіп, тілек айтқаннан кейін неліктен стақан соғыстыратынын анықтап көрейік. Бұл үрдістің шығу тегінің бірнеше нұсқасы бар. Мысалы, археологтар мәліметінше, неолит дәуірінің адамдары беті ашық тұрған ыдыстың ішіне жын кіреді деп сенген. Сондықтан, алғаш арпа сырасы мен жүзім шарабын ішіп бастағанда, ыдысты бір-біріне соғыстырып, қатты дыбыс шығару арқылы зұлым рухтан құтыламыз деп есептеген.
Ал ежелгі Ресей, Шығыс пен Еуропа елдерінде стақан соғыстыру үрдісі арқылы сусынға у қосылып-қосылмағанын тексерген. Қатты соққы кезінде сусын төгіліп, бір-біріне құйылып, араласады, егер ішімдікке у қосылған болса үстел үстінде отырған барлық адам бірдей уланады.
Осылайша, біз бұл үрдістің мұсылман халқына қатысы жоқ екенін байқаймыз.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлдың айтуынша, өзіңіз алкоголь ішпесеңіз де стақан соғыстыру мәкруһ саналады.
"Стақан соғыстыру - мәкруһ. Ислам дінінде көрсетілмеген, айтылмаған іс-әрекет жасау дінімізге қайшы болып есептелінеді. Арақ ішетін адамдардың әдетін қайталау харам іске жақын, ұқсас нәрсе. Шариғатымыз бойынша ешбір жерде кез келген сусынды ішу кезінде стақандарды бір-біріне соғыстыру туралы мәлімет жазылмаған. Сондықтан айтылмаған іс-әрекетті істеу мәкруһ болып саналады", - дейді дін өкілі.
Әрине, ешкім сізге адамдармен қарым-қатынас үз деп бұйыра алмайды, дегенмен де арақ ішетін ортада отырудан да дініміз тыяды.
Маман, алла елшісінің "кім аллаға және қайта тірілер күніне иман еткен болса, шарап ішіліп отырған дастарханға отырмасын!" деген сөзін еске салды.
Сонымен қатар, ескілікті Ханафи фиқһ кітабының бірінде "бір мұсылман адам суды шарап деп елестетіп ішсе, ол оған харам болады" деген үкім бар.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМДБ өкілдері "Онлайн ақша айырбастаумен айналысу харам ба?" деген сұраққа жауап берген болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Адамның түріне қарап, мінезін білуге бола ма?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!