СҚО-да ішімдік ішпейтін елді мекендердің қатарына тағы бір ауыл қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тұрғындары екі жыл бұрын арақ-шараптан толығымен бас тартқан. Содан бері мұнда бірде-бір ауыр немесе аса ауыр қылмыс тіркелмеген, ұрлық пен отбасылық жанжалдар да жоқ.
"Арақ-шараптың қажеті жоқ, керісінше, жұмыс істеу керек", - дейді жергілікті тұрғындар.
Ішімдіктен бас тартуды ұсынған бастамашылардың бірі - жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Біржан Шаймерденов.
"Біз мұнда жұмыс істей бастағанда ауылда 28 үй ғана болды, қазір олардың саны 80-нен асып отыр. Халық саны - 315 адам. Біз адамдарды осында көшуге шақырамыз, жұмыс орнын ұсынамыз, өндірісті арттырамыз", - дейді ол.
Жергілікті мектепте 97 оқушы білім алып жатыр. Мектептен кейінгі оқу орнында қажетті мамандықты меңгерген соң оларға да осы ауылдың игілігіне еңбек ету мүмкіндігі қарастырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!