“Араға жиырма жыл салып Қазақстанға келгеніме қуаныштымын“ - Моңғолия президенті

Қазақстан мен Моңғолия президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Біз - тарихы ортақ, тамыры бір бауырлас елдерміз, көшпенді халықтардың ұрпағымыз. Қазақ пен моңғол - ғасырлар бойы іргесі бөлінбеген көршілер. Халықтарымыздың өмір салты, әдет-ғұрпы өте ұқсас. Қазір де осы мәңгі құндылықтарды арқау етіп келеміз. Бүгінде ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында дамып жатыр. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығайып келеді. Құрметті президент мырза, сіз екіжақты қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосып келесіз. Мұны жоғары бағалаймыз. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Моңғолияда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Былтыр еліңіздің экономикасы 6,8 пайызға өсті. Бұл сіздің салиқалы басшылығыңыздың жемісі екені сөзсіз. Сіз халқыңыздың әл-ауқатын жақсарту үшін маңызды бастамаларды жүзеге асырдыңыз. Моңғолияда мемлекетті дамытуға арналған Vision-2050 кешенді жоспары қолға алынғанын білеміз. Сондай-ақ, Қарақорым атты жаңа қала салуды бастап кеттіңіздер. Бірегей жобалар табысты болуына тілектеспіз. Сарабдал саясатыңыздың арқасында Моңғолияның халықаралық беделі арта түсті. Біз бауырлас елдің барлық жетістігіне қуанамыз", – деді Мемлекет басшысы.

Ухнаагийн Хурэлсух араға жиырма жыл салып Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

"Сіздің осыдан екі жыл бұрын біздің елімізге жасаған мемлекеттік сапарыңыз моңғол-қазақ қарым-қатынасын стратегиялық серіктестіктің жаңа деңгейіне көтерді. Бұл уақиға екіжақты байланыстар тарихына алтын әріппен жазылатыны сөзсіз. Құрметті Президент мырза, сіздің көреген, парасатты және жоғары кәсіби басшылығыңыздың арқасында Қазақстан экономикалық және әлеуметтік салаларды дамытуда айтарлықтай табысқа жетті. Моңғол халқы еліңіздің жетістіктерін жіті бақылап отыр. 2024 жылғы Моңғолияға сапарыңыз барысында оннан аса құжатқа қол қойылды. Бүгін де бірқатар маңызды құжат қабылданады", – деді Моңғолия президенті.

Айта кетейік, 20-23 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсүх Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз