- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әр үйде бір...
"Әр үйде бір дәрігер болуы керек". Мамандық таңдауда ата-ананы тыңдайсыз ба?
Мамандық - адам өміріндегі маңызды таңдаулардың бірі. Сол арқылы адамның өмірдегі бағыт-бағдары айқындалады. Бүгінгі таңда әлемде 40 мың мамандық түрі бар. Оның біреуі жұмысқа орналасуға, өмірден өз орныңызды табуға негіз болады. Мектеп оқушылары қай кезден бастап мамандық таңдауға көңіл бөлуі керек және оның маңызы қандай деген сауалдарға профориентолог Омарбек Көшкімбайұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Омарбек Көшкімбайұлы өзіне жүгінген талапкерлерді 3-ке бөліп қарастырады. Біріншісі, нақты өз мамандығын білетіндер. Оларға грант бұйырмаса да, таңдауларын өзгертпейді. Олар, әдетте, 4 түрлі таңдау жасамайды, бір ғана не соған жақын мамандықты таңдайды. Олардың саны аз, шамамен 18-20 пайыз. Екіншісі, мамандық емес, грантқа көз тіккендер. Олар жалпы грант не квотаны көздейді. Оларға қала да, оқу орны да маңызды емес. Ал үшіншісі, не мамандық, не оқу орнын таңдамағандар. Олар көбіне ата-ананың, достарының кеңесіне жүгінеді. Қоғамда қай мамандық басымдыққа ие, соны таңдайды.
"Ақша үшін барады"
Кәсіби бағдар берушінің айтуынша, мектеп оқушыларының арасында қазір педагог болғысы келетіндер көп. Егер 6-7 жыл бұрын 50 адамның 2-еуі ғана мұғалім болам десе, қазір 50 адамның жартысы мұғалім болғысы келеді.
"Әрине, стипендияның, қоғамның, министрліктің әсері бар. Бір жағынан, бұл жақсы емес, өйткені көбі мұғалім идеологиясы үшін емес, ақша үшін барады. Бірақ Z-ұрпақ алдында мұғалім мәртебесі айтарлықтай көтерілді", - дейді ол.
Педагогтан кейін сұранысы көп мамандық - IT, медицина. Ол физика-математика мамандықтарына бөлінетін гранттың көптігі, оқушылардың дәрігер жалақысына қызығушылығы, қазақтың "әр үйде бір дәрігер болуы керек" деген таптаурыны және дәрігер беделіне байланысты.
"Жастар арасында нақты бір мәселені шешем, жолын қарастырам, соның артын қуам дегендей нақты жоспары бар оқушылар өте санаулы", - дейді маман.
Профориентолог психолог емес
Маманның айтуынша, нарықта кәсіби бағдар берушілер кейінгі кезде сұранысқа ие. Олар оқушыларға мамандықтарын саналы түрде таңдауға көмектесу үшін әр мектепке, қоғамға, мекемеге керек. Алайда профориентолог психолог емес, мұны шатастырмауымыз керек.
"Профориентологтың бір кеңесі 20-40 мың теңге. Өйткені оқушыға тек бір рет дұрыс бағдар беру керек. Менің ойымша, ата-ана баласының болашағы үшін бір рет 30 мың теңгесін жұмсауға аянбау қажет", - дейді ол.
Оқушы 9-сыныптан бастап, қайда баратынын, немен айналысатынын білу керек. Ары кетсе, 10-сыныпта ойлануы қажет, себебі 11-сынып тым кеш. Біздің қоғамда қате үрдіс пайда болған. Алдымен таңдау пәндерін, кейін мамандық таңдайды. Немесе мектеп қысымымен, ата-ана кеңесімен ойланбай таңдай салады.
"Оқушы ҰБТ-ның сынама тесттерінен 130-дан жоғары алады, физико-математика бағытын таңдайды, бірақ қай мамандыққа тапсырарын білмейді. Себебі физико-математика бағытында 48 мамандық бар", - дейді Омарбек Көшкімбайұлы.
Омарбек Көшкімбайұлының айтуынша, мамандық таңдауға көмектесетін тест түрлері көп: MBTI, MAPP, Икигай. Оның көбі Климовтың әдістемесі бойынша жасалған кәсіптік бағдарлау тесттен бастау алады. Олар 100 пайыз дұрыс болмауы мүмкін, әйтсе де мамандық таңдау жолын едәуір жеңілдетеді.
Қорытындылай келе мамандық таңдамас бұрын:
- қызығушылығыңызға назар аударыңыз;
- сүйікті пәндеріңізге талдау жасаңыз;
- болашағыңызды жоспарлаңыз;
- кәсіби бағдарлықты айқындайтын тест тапсырыңыз;
- нарықта қажет мамандық түрін іздеңіз;
- көп ізденіңіз.
Ең бастысы, мамандық таңдауда асықпаңыз. Әр шешіміңіз нақтыланған, таразыға салынған болуы керек. Ол үшін өзіңізді тыңдап үйреніңіз.
С. Бөлек