“Әр тарауына, әр бабына баса мән бердім“: Президент жаңа Конституция жобасы, референдумның маңызы туралы айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

️Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы референдум, жаңа Конституция жобасы туралы айтты.

"Ашығын айтайын, өзім де Мемлекет басшысы ретінде Жаңа Конституция жобасының мәтінін жазуға тікелей атсалыстым. Оның әр тарауына, әр бабына баса мән бердім. Әрбір сөздің мағынасына терең үңіліп, өз ұсыныстарымды Конституциялық комиссияға жолдадым. Бұдан бөлек, терминдер мен сөздерді қазақы ұғымға барынша сай етіп беруге айрықша назар аудардық. Мысалы, қазіргі Ата заңымызда "Қазақстан аумағының тұтастығы" деген ұғым бар. Негізі бұл "жердің тұтастығы" болуы керек еді. Бұл мәселеге сарапшылардың назарын аудардым. Себебі жер - қазақ үшін ең қастерлі ұғымның бірі. Ата-бабаларымыз бір қарыс жер үшін жанын құрбан еткен. Осы ұланғайыр жерді қорғап, ұрпаққа мирас еткен. Оның табиғатын аялау, тұтастығын сақтау, шекарасын қас қақпай күзету - қасиетті борышымыз. Ұлы даланың бір уыс топырағы - баға жетпес байлығымыз. Сондықтан "жердің тұтастығы" деген сөз халқымыздың дүниетанымына сай келетін, нағыз қазақы ұғым болар еді. Бұл ұстанымды қолдаймын. Алайда халықаралық деңгейде орныққан термин болғандықтан, Конституциялық комиссияның басым көпшілігі "аумақтық тұтастық" ұғымын өзгеріссіз қалдырды. Мұны жаңа Конституция жобасын әзірлеу кезінде әрбір нормаға, әрбір бапқа қатысты қызу пікірталас болғанына байланысты мысал ретінде айтып отырмын. Қазақта "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген сөз бар. Жұртшылық та бұл жұмыстан тыс қалған жоқ. Азаматтарымыздан мыңдаған ұсыныс түсті. Соның барлығы мұқият зерттеліп, сүзгіден өтті. Ақылға қонымды ұсыныстың барлығы ескерілді. Бұл халқымыз өз болашағы үшін жауапты екенін терең сезіне алғанын көрсетеді. Референдумға шығарылып жатқан жаңа Ата заң жобасы жан-жақты зерделеніп, қызу талқыдан өтті. Сондықтан оны нағыз Халық Конституциясы деп нық сеніммен айта аламыз", - деді Тоқаев.

Осы орайда Президент халыққа, жастарға үндеу жасады.

"Қымбатты отандастар! Сіздердің таңдауларыңыз бюллетень қағазындағы жай ғана белгі емес. Ол – жаңа Халық Конституциясы жобасына көрсетілген нақты қолдауыңыз. Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салуға жастар атсалысады. Күні ертең ынтымақ-бірлігі жарасқан, еңбекқор, заңға бағынатын, білім, ғылым, мәдениет құндылықтары берік орныққан, жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналатын қоғам құру миссиясы сіздерге жүктеледі. Сіздің дауысыңыз нағыз жасампаз отаншылдық, азамат ретінде ел келешегі үшін жауапкершілік арқалау қандай болатынын көрсетеді", - деді Тоқаев.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!