Әр пәтерге шаққанда 0,8 шаршы метр: құрылыс компанияларына жаңа талап енгізілуі мүмкін

Депутат Арман Ақылбай қарттардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында құрылыс компанияларына жаңа талап қою қажет екенін мәлімдеді.

Оның сөзінше, елімізде көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде балалар алаңдары, спорт алаңдары және қоғамдық кеңістіктер болуы міндеттеліп жатыр. Алайда қарттарға деген арнайы орын не кеңістік бұл жоспарға енгізілмей қалған.

"Осыған байланысты заңға жаңа норма енгізуді ұсынамыз. Көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жобалау кезінде аға буын өкілдеріне, қарттарға демалуға, бір-бірімен әңгімелесіп, қоғамдық өмірге белсенді қатысуына арналған жайлы орын қарастырылуы қажет. Бұл арнайы орынның ауданы әр пәтерге шаққанда 0,8 шаршы метр болып белгіленуі керек. Бұл орын жай коммерциялық мақсатта пайдаланылмауға тиіс және кейін сатылмауы керек. Ең бастысы оның қоғамдық мақсаттағы алғашқы мәртебесі тұрақты сақталуы қажет", - деді ол.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!