Катар - әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі. Мұсылман мемлекеті әрі қауіпсіз болғандықтан шетелде білім алып жүрген отандастарды жиі байқаймыз. Махамбет Исмаилов Катардағы Джорджтаун университетінде халықаралық экономика мамандығы бойынша екінші курста оқиды. Massaget.kz тілшісі қазақстандық студентпен сұхбаттасып, катарлықтардың тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі туралы айтып берді.
"Ең қауіпсіз елдің бірі"
Шетелдік университеттердің ішінде Махамбет Джорджтаун университетін таңдауының сыры бар екенін айтты.
"Бұл оқу орны шетел қызметтері мектебі бойынша әлемде бірінші орында тұр. Университет кампусы әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі Катарда орналасқан. Кампус барлық студенттер үшін көптеген тегін мүмкіндіктері бар шағын қала сияқты. Бізде көптеген спорт орталықтары мен олимпиадалық бассейндер, тегін кинотеатрлар, 4-5 жұлдызды қонақүй секілді жатақханалар және түрлі іс-шаралар өткізіледі. Сондай-ақ, университет шетелдік студенттерді баспанамен қамтамасыз етеді. Мұнда барлығы ағылшын тілін білетіндіктен, айналадағы адамдармен тіл табысу оңай болды", - деді ол.
Оның айтуынша, Катарда барлық жағдай жасалған.
"Сапалы жолдар, жақсы жалақы төлейтін жұмыс орындары, әртүрлі мүмкіндіктер, FIFA секілді ірі іс-шаралардың ұйымдастырылуы - мұның бәрі тұрғындар үшін керемет деп айтар едім. Оған қоса, Катар салығы жоқ бірден-бір мемлекет. Жалпы алғанда, адамдар өте жақсы өмір сүреді. Медицина саласы жақсы деңгейде және тегін қызмет көрсетіледі, полиция мен жедел жәрдем көліктері өте жылдам жүреді. Мұндағы адамдар уақытын үнемі
саябақтарда және далада өткізеді", - деді ол.
"Әрбір үйде қызметші бар"
Кейіпкеріміз Катар халқы өте жақсы жағдайда тұратынын айтты. Сондай-ақ, кез келген жергілікті халық мәдениетті, адам ақысын қатты ұстанады.
"Әр үйде, әр отбасыда тамақ әзірлейтін немесе үйді жинайтын қызметші бар. Адамдар көліктерін, есік терезелерін ашық қалдырудан қорықпайды. Себебі қауіпсіз болғандықтан еркін жүреді. Шай мәдениеті өте жақсы дамыған. Бірақ көлікті өте қауіпті жүргізеді, тіпті кейбір адамдар жолдарда 200км/с дейін жетеді"
Катарлықтар Рамазан айында өздерін жақсы жағынан өзгерткісі келеді екен.
"Тәжірбиеден өткен компаниямда бірнеше өзгерісті байқадым. Мұсылман мемлекеті болғандықтан, Рамазан айында адамдар жұмыс уақытын өзгереді, осы айда адамдар өте мейірімді және көмекке асығып тұрады. Кейбір компаниялар қызметкерлері үшін тұрғын үй мен көлікті толықтай қамтамасыз етеді. Демек, жұмысшыға көп үміт артады", - деді ол.
"Катардан дос табу оңай"
Махамбеттің айтуынша, қазақстандықтар көп болғанымен, Катардан қызығушылығы бірдей жан тауып, дос боп кету оңай.
"Мұнда тамақтың алуан түрі бар. Бағалары қолайлы, бірақ кейде қымбат болып көрінуі мүмкін.
Тамақ беретін кез келген жер халал. Бір жақсысы - қазақтар өте көп. Қазақстандық студенттер 22-наурыз мен 8-наурыз күнін бірге тойлайды. Катар өте көп мәдениетті және көпұлтты жер ғой. Сол себепті қызығушылықтары бірдей адамдарды тауып, дос болу оңай", - деді Махамбет.
Ол әрі қарай осы елде тағы да білімін жетілдіріп, Қазақстанда тәжірибесімен бөлісетінін айтты.
"Уақытымды түрлі іс-шараларға қатысумен өткіземін. Университет командасына қосылып, баскетбол ойнаймын және жаттығу залына,баскетболға жиі барамын. Осы уақытқа дейін Непалға, Иорданияға, Норвегияға және басқа да көптеген жерлерге университет ұйымдастырған саяхаттарға қатыстым. Болашақта да бұл елдің салт-дәстүрін зерттеп, білімімді жалғастыра беремін. Әрі қарай елге барып, пайдамды осы салада тигіземін деген мақсатым бар", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!