- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әр омартадан 70-150...
Әр омартадан 70-150 келі: түркістандық кәсіпкер бал сатып, бір әулетті бағып отыр
Бал сату - маусымдық кәсіп. Онымен тек көктем-жазда ғана айналысуға болады. Нақты айтсақ, бал жинау маусымы сәуірде басталып, қыркүйектің соңына дейін созылады. Балдың өзі тәтті болғанымен, оны өндіру жолы оңай емес. Сондықтан онымен айналысатындар санаулы ғана. Солардың бірі - Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғыны Жұмабай Сатыбалдиев, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жұмабай Сатыбалдиев омарташылық оңай кәсіп емес екенін айтады.
"Араның карника атты сортын өсіріп отырмын. Қажет құрал-жабдықтар мен өнімді интернет арқылы сатамын. Балға қай заманда да сұраныс көп, алайда оны сату жағы бір жолға қойылмаған. Сондықтан қиындық та баршылық", - дейді Жұмабай Сатыбалдиев омарташы.
"Бал ұстаған бармағын жалайды" демекші, Жұмабай Сатыбалдиев осы бір ерекше кәсібі арқылы жақсы табысқа кенеліп отыр.
"Бір маусымда әр омартадан 70-150 келі арасында бал алынады. Соның шамамен 10 келісін араның қыстап шығуына қалдырамыз. Араға аса бір күтімнің қажеті жоқ. Бастысы, бал жинайтын гүлін тауып, қыстайтын орнын жасап берсең болғаны. Өйткені аралар кез келген жерге бейімделіп кетеді, өмір сүру қабілеті мықты", - дейді ол.
Айта кетейік, аралар қыста көбеймейді, керісінше, суықтан өзін сақтап шығады. Күн жылынғанда көбейе бастайды, бал жинайтын қарт аралар орнын жас араларға береді.
Омарташылардың көлікке жалғайтын үлкен арбасы болады. Арбаға омарталарды салып, гүлі көп аймақтарға көшіп жүреді. Өйткені бір жердің гүлінен ғана бал жинау тиімсіз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы