- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Әрі қарай қалай...
"Әрі қарай қалай өмір сүрерімізді білмейміз" - су тасқыны болған Құлсары тұрғындары
Ақтөбенің Мұғалжар тауынан келген қарғын судың көптігінен Жылыой ауданы Құлсары қаласында төтенше жағдай жарияланғалы 2 аптадан аса уақыт өтті. Төрт адамның өмірін қиған бұл тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды ашу-ыза кернеген. Бар жиған-тергенінен айрылған халықтың мұң-мұқтажы таусылар емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Жем өзенінің арнасын Бақашы бөгеті арқылы жапқаннан кейін қалаға үздіксіз келіп жатқан су легі тоқтайды. Дегенмен "Барлаушы", "Атырау" шағынаудандарында судың көп бөлігінен тазарту үшін жұмыс күні-түні үздіксіз жүріп жатыр.
Мал, ит, мысық, құстардың өлекселерін жинау жұмыстары да жүріп жатыр. Су тасқыны кезінде үй иелері босатып жіберген иттер туралы да шағым жиі түседі.
"Әсіресе, аш күйдегі алабай тұқымдас иттер адамдарға шабуыл жасап тұр", - дейді құлсарылықтар.
Эвуакацияланған халықтың дені Теңіз кенішіндегі жатақханаларда, Маңғыстау облысының Бейнеу, Ақтау қалаларында уақытша тұрып жатыр. Кейбір адамдар отбасымен кері оралып қалада туған-туыстарының, болмаса пәтер, сарайлар жалдаған.
Құлсары қаласында пәтер жалдау бағалары күрт өсіп кеткен. Бір бөлмелі пәтердің бір айға жалдау құны коммуналдық төлемді қоспағанда 70 мың (жөндеуі жоқ үйлер 50 мың теңге шамасында), екі бөлмелі пәтерлер 150-160 мың теңгеге дейін шарықтаған. Сарайлар бағасы да аспандап тұр.
Сырттан келген гуманитарлық көмек (азық-түлік, киім-кешек) үш жерде орналасқан.
"Зардап шеккен 2552 отбасыға 100 АЕК мөлшерінде көмек төленді, әлі жалғасып жатыр. Бұл өзге қаладан пәтер жалдауға мүмкіндік беріп жатыр", - дейді аудандық әкімшілік өкілдері.
Су тасқыны салдарынан 226 бизнес нысаны зардап шексе, 2800 үй бүлінген. Тіпті оның ішінде саман кірпіштен салынған кейбір үйлер қирап қалған. Баспаналарынан айрылған көпшілік наразы күйде. Егер өтемақы қолға тисе басқа қалаға көшеміз деп бекініп отырғандар жоқ емес.
Су тасқыны болғаннан бері ауданда жұқпалы аурулар ішек инфекциясы, вирустық гипатит, іш сүзегі тіркелмесе де канализация, зираттарды шайып кетуі жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр.
Суреттер: Ақ Жайық
"Автожолшылар шағынауданы мен С. Датов көшелерінің тұрғындарымыз. Екі көшені түгел су басты, көрініп тұрғандай. Бізге бір метрден аса су келгендіктен, баспаналарымызды тастап кетуімізге тура келді. Үйге түгел су кірді, жеке техникалары суда қалып істен шықты... Жалпы біздің талабымыз мынау - суға кеткен үйлер толықтай жарамсыз деп танылып, әрбір үйдің шаршы метріне 400 мың теңгеден ақша төленуге тиіс. Жылыой халқының несиесі толықтай кешірілуі керек деп есептейміз", - дейді қоғам белсендісі Дайрабай Елдесбаев.
"2008 жылы салып бітіргенмін бұл үйді. Тасқын кезінде жұмыста болып, үйде бола алмадым, жолдасым ештеңені алып үлгермеген, заттарымен түгел суға кетті. Мына үй енді тұруға келмейді, иісті байқап тұрған боларсыз адам дем алу мүмкін емес, тұншығасың. Ішкі қабырғалар жарылып жатыр, бұл үй мүлдем тұруға келмейді, жарамсыз. Үйді жөндеп береміз деп жатыр екен, оған келіспеймін. Төрт баламмен жұбайым бір бөлмелі пәтерді 150 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмыз", - дейді Русланбек Дүзбаев.
Еске салайық, бұған дейін Құлсарыдағы су тасқынынан кейін бүлінген үйлерге бағалау жұмыстары басталғаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова