Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездесуінде қызық жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың бірі әкімге сұрақ қойып, бес жарым жыл бойы бір мәселе шешілмей келе жатқанын айтты.
"Сіздің алдыңызға екінші рет келіп тұрмын. Бірінші сұрақ Тұрғын үй басқармасына. Жаңа менің екі тұрғыным сөйледі. Олар келгеннен кейін мен де келуге тура келді. Өйткені өздерінің күнін өздері көре алмай жатыр. Мына кісі орнынан тұрып, сұрағанда "иә, қоныстандырдық" дейді. Бір ай емес, екі ай емес, бес жарым жыл бойы пәтер неге бос тұрады? Қанша қазақ пәтерсіз қаңғырып жүр? Өткенде "анықтаңдар" дедіңіз. "Біз бәрін істейміз, бір ай, екі ай" деген. Міне, бір жыл болды. Ештеңе біткен жоқ", - деді ол.
Әкім тұрғынға қарсы сұрақ қойып, артынша өзі де "біртүрлі" жауап берді.
"Бітпейді. Өзіңіздің пәтеріңіз бар ғой?! Бар ма? (Бар - тұрғынның жауабы). Онда дұрыс. Осы пәтеріңізге қарап, ОСИ (мүлік иелерінің бірлестігі - еск.) қарай беріңіздер. Қалған жұмыстарды бізге қалдырыңыз. 5 жарым жылдың ішінде онда неге шешілмейді сұрақ? Мен істегеніме 2 жылдан асты. Былай болсын, ар жақтағы сұрақтарды менің қорама әкелмей-ақ қойыңыздар", - деді Досаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз