Бақдаулет Ергешәлі - Түркістан облысы Келес ауданы №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектептің 7-сынып оқушысы. Жасөспірім автокөлікке дабыл жүйесін, магнитофон орнатады, тіпті моторына дейін жөндей алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кішкентай көлік жөндеушінің бұл салаға деген қызығушылығы 5-сыныптан басталған. Ол кішкентайынан әкесінің қасына еріп, ролін ұстап, тіпті бір жері бұзылса, астына түсе салатын қимылын қалт жібермеген. Осылайша, Бақдаулет Ергешәлі өсе келе көлік жөндеудің қыр-сырын үйреніп, өзі де кіріскен.
"Менің әкем көп жылдан бері көлік жөндейді, әкемнің қасында жүріп көлік жөндеуге қызықтым. Ең алдымен көлік бөлшектерімен танысып, аттарын жаттадым. Қазір келушілерге автоэлектрик ретінде де көмек көрсетемін. Маған осы жұмысым ұнайды. Аптасына 20 мыңдай табыс табамын. Оқуыма да үлгеріп жүрмін. Сыныптастарым да бұған қызығады", - дейді жас шебер.
Жас та болса өз ісінің хас маманы Бақдәулетті танып алған көлік иелері де басқаға мойын бұрмай, оған қайтып келеді екен. Бүгінде тек көлік жөндетуге емес, атағы шартарапқа жайылған жеткіншекті көзбен көруге іздеп келушілер де көбейген.
Айта кетейік, Бақдәулеттің ата-анасы 4 бала тәрбиелеп отыр. Көпбалалы отбасынан шыққан талантты жас болашақта білімін арттырып, ІТ маманы болғысы келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!