Алматы облысы Тұздыбастау ауылының тұрғындары 2 айдан бері ауызсусыз қалдық деп шағымданды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Телеарна мәліметінше, ауыл тұрғындары әкімдіктің табалдырығын тоздырғалы талай жыл болған. Уәдеден жалыққан халық шелегін арқалап әкімдік ғимаратына баруды әдетке айналдырған.
"2 ай болды су жоқ. Мен 6 куб бассейнді 18 мыңға сатып алдым. Бассейнді суға толтырып, соны ішеміз", - деді Тұздыбастау ауылының тұрғыны Закир Тұрдымәметов.
"Су жоқ, сыздықтап ағатын еді, ол да болмай тұр. Түнгі сағат 22:00-де су береді, кейде таңға дейін күтіп жүреміз. Қолымызды даладан жинаған сумен жауамыз", - деді Тұздыбастау ауылының тағы бір тұрғыны Гүлмира Құрманбаева.
Ал ауыл адамдарының шағымын тыңдауға келген "Талғар су" мекемесі мәселенің шешімін тек мемлекетке өткен соң ғана шешуге болатынын айтты. Яғни, жеке су құбырларын бір арық желісіне қосу керек.
"Тарифтің бағасы осы күнге дейін Тұздыбастау ауылдық округінде 122 тиын болған. Жеке компаниялармен келісімшартта көрсетіліп тұрады, біз соған сай жұмыс істейміз", - деді "Талғар су" шаруашылық жүргізу құқығындағы МКК басшысы Қуатбек Смағұлов.
Ауыл маңында салынып жатқан 12 шақырымдық магистральды су құбыры аяқталса, ауыл халқының қажетіне жарар еді дейді Тұздыбастау әкімі. 250 метр шаршы кубты құрайтын қос құдықтың құрылысы алдағы қараша айында аяқталады. Ал әзірге жергілікті жұрт 1968 жылы салынған ескі құбырдан су күтуге яки сатып алып ішуге мәжбүр.