- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Аптап ыстықта тәбетіңіз...
Аптап ыстықта тәбетіңіз болмаса, денсаулыққа зиян тимеуі үшін қалай тамақтану керек?
Бүгінде еліміздің өңірлерінде 40 градусқа дейін аптап ыстық болып жатыр. Күннің ыстығанан тәбеті қашып, таңнан кешке дейін дұрыс тамақтанудың орнына, тіскебасар жеп, тек салқын су ішіп жүргендер бар. Алайда бұл денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені сау болуы үшін адамға теңдестірілген диета қажет. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі терапевт, нутрициолог Гүлнұр Әділбайдан жазда қалай тамақтану керегін сұрап көрді.
Дәрігердің айтуынша, күн қаншалық ыстық болса да, дұрыс тамақтану қажет. Салқын су ішкенде де абай болған жөн, өйткені салқын су асқазан-ішек жолдарын тітіркендіріп, қантамырларды тарлытып, қанның дұрыс айналмай, қан қоюлануына әкеледі.
Сондай-ақ, ыстық тамақ ішпеудің біршама салдары бар.
"Тамақ ішпегеннен өт қоюланады. Себебі, өт жылы суға, ыстық тамаққа бөлінеді. Өт қоюланады, кейін балшыққа, сосын жәймен құмға, кейін олар бір-біріне жабысып тасқа айналады. Сосын өт қабын алып тастау керек болады. Ал өт қабын алып тастаса, барлық ас қорыту жүйесі бұзылады. Себебі асты қорытатын - өт, ішектерден қалдық, зиян заттарды үлкен дәретпен шығаратын - өт. Өт - үнемі ішекке тамып отыруы қажет. Өт толса, іш қату немесе диарея болады. Өт пен ұйқы безінің жолы бір, өт толып, жолды бітесе, ұйқы без гормоны сыртқа шықпай, іштен өз-өзін қорытып жібереді. Бұл кейін панкреатит, панкреонекроз, тіпті екінші типті қант диабетіне әкеп соқтырады", - дейді нутрициолог.
Дегенмен тамақтану керек екен деп көзге көрінгеннің бәрін таңдамай жей беру де қате. Себебі, аптап ыстықта майлы тамақты тым көп жеп қою да ағзаға зиян. Майлы тамақ - асқазанда баяу сіңіп, ауырлық сезімін тудырады. Оны қорытуға ағза екі есе энергия жұмсап, дене қызуын арттырады. Ащы, майлы тамақ - шөлді арттырып, тез шаршап әлсіреуге түрткі болады.
"Ыстықта майлы тамақ жеу қантамырларда майлар жиналып, қанның айналуын төмендетіп, жүрек пен мидың қанайналым бұзылысына әкеледі", - деп түсіндірді дәрігер.
View this post on Instagram
Қалай дұрыс тамақтану қажет?
Жазда сіңуге жеңіл, калориясы төмен тағамдар таңдаған абзалырақ. Жеңіл көкөніс, жеміс-жидекті көбірек тұтынып, майлы, қуырылған, тұзды астан аулақ болыңыз. Көбінесе қайнатылған, пеште піскен тамақтарды таңдауға тырысыңыз.
"Құрамында су көп жемістер жеген дұрыс. Бұл жемістер сұйықтық, дәрумен, минерал, микроэлемент, антиоксиданттардың орнын толықтырып, ағзаның сусыздануын алдын алады. Көкөністерден сорпа қайнатып ішіңіз, ең маңыздысы әр тамақтану кезінде міндетті түрде ақуыз, пайдалы майлар, көмірсулар мен талшық болуы шартты. Талшық - ас қорытуын жылдамдатып, дәрумен сіңуін тездетіп, терлегенде жылуды реттеуді қалыпта ұстап тұруға көмектеседі", - деді ол.
View this post on Instagram
Ал су ше?
Жазда екінің бірінің қолында құрамында қанты көп, газдалған сусындар жүреді. Бірақ күн ыстықта ағзадағы сұйықтықтың, яғни қарапайым судың орны екі есе маңызды екенін ұмытпаңыз. Тәтті сусын қанда қантқа жылдам айналып, торда жиналып, инсулин бөлінуін тежеп, көптеген аурудың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Оған қоса тәтті сусын шөлді баспайды, керісінше, арттырады.
"Оның орнына қара суды дұрыс ішуді үйреніңіз. Адам температурасы 36.0 градус, су да осы температурадан төмен болмауы керек. Бөлме температурасындағы немесе жылы су ағзада тез сіңіп, қантамырларды кеңейту арқылы шөлді басады. Жазда күнделікті су нормасын 1 келі салмаққа 30 мл су деп есептеп ішкен дұрыс", - деді ол.
View this post on Instagram
Суға мұз салып ішу де дұрыс емес.
"Мұздай су шөлді қандырмайды. Себебі асқазан-ішек жолдарының температурасы 36 градустан жоғары. Суық су ішкенде асқазан шырышты қабаты салқындап, ас қорытылу және сіңуі тежеледі", - деді терапевт.
Жазда мұз салынған салқын суды созылмалы жүрек-қантамыр аурлары бар адамдарға ішуге мүлде болмайды. Ол жүрек қағысын ақырындатып, жүректік ауыр бұзылыстарға әкеп соқтыруы мүмкін.
Гүлнұр Әділбай ыстық күнде ішу керек жемістерден дайындалған пайдалы сусынды ұсынды.
- Лимон қабығы;
- Апельсин қабығы;
- Жалбыз.
Осы үш өнімді ұсақтап, сүзіп алып, шырынын 1 литр суға араластырып, дәмді әрі пайдалы сусын жасауға болады.
Тағы да оқи отырыңыздар: Телефонды жоғалтып алғанда не істеу керек?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Б. Жұмаділлә