Аптап ыстықта жұмыс уақыты қысқара ма? Министрлік жауап берді

Аптап ыстыққа байланысты азаматтар қашықтан жұмыс істей ала ма немесе ыңғайлы жұмыс кестесіне ауысу мүмкіндігі қарастырылған ба? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы сауалдарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қашықтан жұмыс істеуге бола ма?

Жұмыс берушілер қатты ыстыққа байланысты қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу форматына автоматты түрде ауыстыруға міндетті емес.

Қашықтан жұмыс істеу немесе аралас жұмыс режимі қызметкердің немесе жұмыс берушінің бастамасымен, бірақ тараптардың келісімі бойынша белгіленуі мүмкін.

Яғни қызметкер уақытша қашықтан жұмыс істеу форматын сұрай алады, алайда түпкілікті шешім жұмыс берушімен бірлесіп қабылданады.

Қашықтан жұмыс істеу кезінде қызметкер жұмыс уақытында байланыста болуға тиіс.

Жұмыс кестесін өзгертуге бола ма?

Жұмыс беруші мен қызметкер ыңғайлы жұмыс кестесі туралы да келісе алады. Мысалы күннің ең ыстық уақытында жұмыс істемеу үшін жұмыс күнін ертерек бастауға болады.

Мұндай режимнің шарттары еңбек шартында немесе жұмыс берушінің ішкі актісінде бекітіледі.

Далада жұмыс істейтіндерге қандай жағдай қарастырылған?

Аптап ыстықта далада еңбек ететін жұмысшыларға салқындау және демалу үшін арнайы үзіліс берілуге тиіс.

Бұл үзіліс жұмыс уақытына кіреді. Сондай-ақ, жұмыс беруші қызметкерлер демалып, салқындауына арналған орынды жабдықтауы қажет.

Жұмыстағы жағдай өмірге немесе денсаулыққа қауіп төндірсе, қызметкер жұмысты орындаудан бас тартуға құқылы. Бұл туралы дереу басшыға немесе жұмыс берушінің өкіліне хабарлау қажет.

Ереже бұзылған жағдайда қызметкер еңбек инспекциясына жүгіне алады. Инспектор заңбұзушылықтарды жоюды талап етуге және жұмыс берушіні әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқылы.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!