Шығыс Қазақстан облысы Белоусовка кенті тұрғындарының сөзінше, бес жылдан бері таза су іше алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кент тұрғындары кезінде орнатылған құбырлар жерден шығып тұратынын, жұмыс сапасыз орындалғанын айтады.
"Барлығы - шаруаға жүрдім-бардым қараған мердігерлердің кінәсі. Шұңқырлар сол күйі бітелмеген, құбырлар жиі жарылады, кейде апталап ауызсусыз отырамыз. Құбыр осыдан бес жыл бұрын тартылған. Мәселе қашан шешімін табады?" - деді Белоусовканың тумасы Қайсар Омарбеков.
Жергілікті жұрт аудан басшысы Елдар Тумашинов жағдайды бақылауға алғанын, алайда облыс әкімдігі қолдау білдірмесе, бұл мәселе әлі көпке созылатынын айтып отыр. Олар тіпті суды басқа жерден тасып та іше алмай жүр екен.
Ал облыс әкімі Ермек Көшербаев бұл мәселеден хабардар екенін жеткізді. Өңір басшысының айтуынша, тиісті қаражат бөлінген.
"Биыл 99 миллион теңге түсіп, қаржы толық игерілді. Бұл ақшаға сору құрылғысы орнатылып, қажет жұмыстар қолға алынды. Келесі жылға бұдан да көбірек сома бөлінген", - деді Елдар Лұқбекұлы.
Шенеуніктің айтуынша, қолға тиген қаражат негізінде барлық олқылық реттеліп, су жаңа желі бойынша қолданысқа берілді. Тұрғындарға бұдан былай ауызсу мәселесі болмайтынын айтып сендірді.
Ермек Көшербаевтың сөзінше, ауызсу құбырына қатысты жұмыс сапасын аудан әкімі өзі қадағалауы керек. Сондай-ақ, ол осы тапсырманың аяқталуын назарда ұстап, шикіліктер байқалса, қатаң шара қолданатынын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 4 ауыл ауызсусыз қалуы мүмкін екені хабарланған болатын.
Асыл Бигелді
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!