Apple сенсорлы экраны бар алғашқы MacBook Pro-ны таныстырды

Apple сенсорлы экраны бар алғашқы MacBook Pro-ны таныстырды
Фото: Apple

Apple сенсорлы экраны бар алғашқы MacBook Pro ноутбуктерін таныстырды, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Құрылғылар OLED дисплейімен, M5 Pro және M5 Max процессорларымен, сондай-ақ Dynamic Island функциясымен жабдықталған. Компания сайтындағы мәліметке сәйкес, сатылым 6 қарашада басталады.

Сенсорлы экран парақтарды айналдыруға, фотосуреттерді үлкейтуге, нысандарды жылжытуға және терезелерді қолмен басқаруға мүмкіндік береді. Музыкалық қосымшаларда виртуалды аспаптарды тікелей экран арқылы ойнауға болады. Ноутбуктің пернетақтасы мен трекпады сақталған.

«PROLED XDR дисплейі бар жаңа MacBook Pro – Mac үшін жасалған үлкен қадам», – деді Apple компаниясының аппараттық технологиялар жөніндегі басшысы Джони Сруджи.

Ноутбуктер 14 және 16 дюймдік екі нұсқада ұсынылады. Соған қарай салмағы да әртүрлі болады. Dynamic Island хабарландыруларды, белсенді әрекеттер мен басқару элементтерін көрсетіп, жүйе функцияларына жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірнеше жылдан бері қолданылмаған жарықты Apple логотипі ноутбуктің сыртқы бетінде қайта пайда болды.

Құрылғының ең жоғары конфигурациясы 128 ГБ жедел жадпен және 16 ТБ жинақтауышпен жабдықталады. Apple мәліметінше, ноутбук бір рет қуаттағаннан кейін 24 сағатқа дейін жұмыс істей алады.

АҚШ-та M5 Pro процессоры бар 14 дюймдік модельдің бағасы 2899 доллардан (шамамен 1,33 миллион теңге), ал 16 дюймдік нұсқасы 3399 доллардан (шамамен 1,55 миллион теңге) басталады. M5 Max процессоры бар модельдер тиісінше 4499 доллардан (шамамен 2,06 миллион теңге) және 4799 доллардан (шамамен 2,19 миллион теңге) сатылады.

Алдын ала тапсырыс беру 28 қазанда 30 ел мен аймақта басталды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget