- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Апортты "аборт" қылмайық...
Апортты "аборт" қылмайық
Қазақстандағы апорттың жалғыз бағы Алматы облысында орналасқан. Ал алып алманы қайда жандандыруға фермерлер құлықсыз. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс мардымсыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысының фермерлер негізінен интенсивті бақтармен айналысады. Өйткені "голден делишес", "фуджи" сияқты алманың түрлері тез пісіп, өнімді де молынан береді. Жалпы облыста 11 140 гектар алма бағы болса соның 7 мың гектары Еңбекшіқазақ ауданының үлесінде. Ауданда отызға жуық шаруа қожалығы бар. Бірақ, апортпен ешкім айналыспайды. Биыл Түрген ауылындағы қожалық он гектардан алма жинады. Көктемгі үсік жүргендіктен жеміс ойдағыдай болмады.
"Әр ағаш 5-6 кг өнім берді. Ол одан да жоғары болу керек. Бір гектардан бұл интенсивный бақтан 35-40 тонна шығуы керек", - дейді шаруа қожалығының агрономы Берік Қуатбек.
Ал апорттан өнім алу үшін кемінде 7 жыл күту керек. 2012-2018 жылдар аралығында Алматы облысы әкімдігі шаруаларға апорт егіп, өсіру шығындарын өтеу үшін 670 млн теңге қаржы бөлді. Бірақ нәтиже болмады.
Мамандардың айтуынша, сол жылдары субсидия алған шаруалар қаржыны мақсатты жұмсамаған. Еккен көшеттері шықпай қалған. Екіншіден, апорт ағашы ауруға тез шалдығып, бактериалдық күйікке ұшырайды.
"Alma Bee" компаниясының директоры Олжас Сванбаевтың айтуынша, ерекше күтімді қажет ететін жемісті өсірудің өз қиыншылықтары бар.
"Әрине, бізге апортты неге қолға алмайсыңдар?" деген сұрақтар жиі қойылады. Шынтуайтында, ол сағыныш сезімі ғана. Ал, алмамен айналысатындар апорттың қиындықтарын жақсы біледі. Ең біріншіден, ол коммерциялық алма емес. Шығыны көп. Қазіргі нарық заманында өзін ақтамайды. Сосын он жыл күтіп, өнім алғанның өзінде апорт ұзақ сақталмайды. Сондықтан тауар өндірушілерге "Голден", "Фуджи" сияқты алмамен айналысқан тиімді", - дейді ол.
Алматы апортының базарлар мен дүкен сөрелеріннен жоғалып кетуіне бірнеше себеп бар. Ең біріншісі - адами фактор. Алматы тауларында жайқалып өскен алма ағаштар көп жыл бойы аяусыз кесілді. Жер керек болғасын тамырымен қопарылды. Екіншіден, сиреген бақтардың өзі әбден қартайды. Елу жыл бұрын егілген ағаш қандай жеміс берсін.
"Ал, жаңа көшеттерін отырғызуда агротехникалық талаптар сақталмады. Осының барлығы апорттың жойылуына әкелді", - дейді Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институты "Талғар" аймақтық филиалының директоры Сағи Сайранұлы.
Ғалымның айтуынша, апорт өте кірпияз жеміс. Бұл бағытта институтта өп жылдық зерттеу жұмысы атқарылды. Нәтижесінде, сиверстің жабайы тұқымдарын телу арқылы апорттың табиғи таза әрі төзімді түрі шығарылды. Бір гектар жерге 210 түп ағаш отырғызылады. Алма ағашын көктемде үсік шалмаса, күтімі жақсы болса өнімін төгеді. Ғалымдар әр түп ағашты балаша мәпелеп, баптау керек дейді. Күн сәулесі мен суды жақсы көретін жеміс жылына сегіз рет суғарылады. Төртінші жылы жоңышқа отырғызу қажет. Шөпті шауып алмай, ағаштың тамырына қажетті биологиялық тыңайтқыш ретінде қалдыру керек. Бұталары болса бесінші жылы ғана кесіледі. Міне, осындай талаптарды сақтаудың арқасында апорт қызарып пісіп жетілмек.
"Жабайы алманың 30 түрін алып, ДНК сараптамадан өткіздік. Соның ішінен 11 формасы апортқа өте жақын болып шықты. Пробиркада өсірілген таза апортты телу жұмыстары 2012 жылы істелінді. 2015 жылы біз осы 15 га бақ отырғыздық. Бұл еліміздегі бірінші апорт бағы деп айтсақ болады", - дейді ғалым.
Апортты жандандырған институтта суперэлиталық көшет дайындалады. Бұны естіген жеке фермерлер көшет сатып алуға дайын екендіктетін айтады. Ғылыми мекеменің әдістемесіне сүйеніп, өз жерлерінде алматының брэндін өсіріп көрмек.
"Әрине, біз көшет дайындаймыз. Алла қаласа, келесі жылдан бастап бізде таза сапалы апорттың көшеттері болады. Фермерлер келіп жатыр. Арамызда қойылған меморандумдар бар. Енді бұйыртса ескі бақтарды қарап, оның орнына жаңа көшеттер дайындаймыз. Алматы облысының , Алматы қаласының брэндін қайтадан жандандырамыз деген үміттеміз", - дейді Сағи Сайранұлы.
Жалпы тарихи Жетісу аймағында апорттың 3000 гектар бағы бар. Бірақ, соның басым бөлігі қартайған алма ағаштары екені анық. Апорт тек биіктік бедерінде, теңіз деңгейінен 850-1200 метр биіктікте жақсы өсіп, мол өнім береді. Таулы өлкенің тамсандырар тәтті жемісін жеп өскендер оның жұпары мен салмағын жыр қылып айтады. Алайда, Алматы брэндін жаңғырту үшін апорт өсіру ісі бір ғана институттың аясында атқарылмауы керек.
Саламат Сабыр
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы