Апопатофобия: қоғамдық дәретханалардан қорқатын жандар туралы не белгілі?

Апопатофобия: қоғамдық дәретханалардан қорқатын жандар туралы не белгілі?
Фото: Коллаж: depositphotos.com

Ғылымда қоғамдық дәретханалардан қорқатын жандарды "апопатофобтар" деп атайды. Олардың бұл қорқынышына не себеп? Толығырақ Massaget.kz тілшісінің материалында. 

Апопатофобия (ежелгі грек тілінен απόπατος "дәретхана" және φόβος "қорқыныш") - қоғамдық дәретханадан қорқу деген мағынаны береді. Бұл фобия әлеуметтік фобия түрлерінің бірі болып табылады. Апопатофобиясы бар адамдарды "апопатофобтар" деп атайды. Апопатофоб қоғамдық дәретханалардан, дәретханадағы жасырын камералардан немесе унисекс дәретханаларынан қорқады. Көбіне бұл фобия жасөспірімдік шақта пайда болады.

фото: travelpress.kz

Бұл фобия неден туындайды?

Апопатофобияның дамуының көптеген себептері бар. Мысалы, балалық шақтағы психологиялық жарақат немесе қорқыныш, есейген кездегі психологиялық жарақат, мінез-құлық ерекшеліктері (жеккөрушілік, адамдарды жек көру, ұялшақтық), ауруды жұқтырудан қорқу деген сынды дүниелер әсер етуі мүмкін. Апопатофобия тіпті тұқым қуалайтын қорқыныш түрі болуы мүмкін.

Бірнеше жыл бұрын бұл проблема әлем халқының 6,5 пайызынан 34 пайызына дейін әсер ететіні белгілі болды. Алайда 2022 жылы One Poll маркетингтік зерттеу агенттігі жүргізген сауалнама дәретхана фобиясының әлдеқайда жиі кездесетінін көрсетті. Мысалы, АҚШ-тағы кеңсе қызметкерлерінің 64 пайызы жұмыста ешқашан дәретханаға бармауға тырысатыны анықталды.

фото: freepik.com

Апопатофобтардың белгілері

Апопатофобтар қоғамдық дәретханаға жақындап кетсе болды, сары уайымға салынады. Жанын қоярға жер таппай, көпшіліктен оқшауланып бастайды.

Соматикалық көріністері: жүрек айну, құсу, бас айналу, тыныс алу проблемалары, жүрек соғу жиілігінің жоғарылауы, қан қысымының жоғарылауы, тремор, терлеудің жоғарылауы және терінің бозаруы немесе қызаруы байқалады. 

Қауіптілігі - апопатофоб адам қоғамдық орындарда дәретханаға бармау үшін үйден шықпауға тырысады. Осыған байланысты адам тұйық болып қалыптасады. 

Апопатофобиядан қалай арылуға болады?

Адам апопатофобиядан өз бетімен құтыла алады, бірақ көбіне мұндай адамдар психологқа жүгінеді. Апопатофобияның себебін анықтау үшін психологтар гипнозды пайдаланады.

Алдымен апопатофобқа релаксация әдістері арқылы сынама жасалынады. Психологтар алдымен ондай адамдарға дәретханада өзін қалай ұстайтыны туралы жағдайды ойша айтып береді. Сосын өмірде сынап көреді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Литпин