"Апатты үйде жанымызды шүберекке түйіп отырмыз"

"Апатты үйде жанымызды шүберекке түйіп отырмыз"
Фото: Автордан

Маңғыстаудың Сайөтес ауылында көп пәтерлі 3 бірдей үй апатты деп танылды. Онда 12 отбасы тұрады. Олар өздерін жедел көшіруді талап етуде, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елді-мекенде апатты жағдайда тұрған қос қабатты 18 үй бар. Онда 500 дей адам тұрып жатыр. Баспаналар 60-жылдары салынған. Содан бері бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жаңбыр жауса, шұрық тесік шатырдан су кетеді. Қабырғалары қақырап тұр. Бірде шатыры, бірде жертөлесі қирап, тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Сол үйлердің тек 3 еуіне сараптама жүргізіліп, апатты екені анықталды.

"Аудан әкімінің орынбасарына бардық. Ол құжаттарды алып, облыс әкімдігіне барамын, сонда шешілетін мәселе деп, тағы да күтуді сұрады. Апатты үйдің жанынан клуб салып жатыр. Оған ірі жүк көліктері келіп, тас түсіреді. Тарсыл-гүрсілді үйлер көтермейді. Өздері үгітілейін деп әрең тұр. Құласа тұрғындарды басып қала ма деп қорқамын. Сондықтан әкімдіктегілерден үй құламайды, адам зардап шекпейді деп қолхат беруін сұрадым, - дейді Сайөтес ауылының тұрғыны Тазагүл Мұханова.

 Ауыл әкімі Сабыржан Әбдиев тұрғындарды көшіру мәселесі аудандық деңгейде шешілетінін жеткізді.
Ал Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Талғат Қылаңов баспаналары апатты деп танылған отбасыларға үй сатып алуға немесе үй салуға қаражат сұрап, облыстық әкімдікке ұсыныс берілгенін айтты.

"Ал қалған үйлерге сараптама жүргізілмейді. Жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаты жасалып, бюджетке ұсынылатын болады", дейді Талғат Қылаңов.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы