Реновация Байқоңыр ауданының орталық бөлігіндегі 240 гектарды қамтиды. Ірі құрылыс салушылармен уағдаластыққа қол жеткізілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Реновация бағдарламасына бірқатар инвесторлар тартылып, тиісті жұмыстар басталды. Байқоңыр ауданы әкімдігінің кәсіпкерлері мен өкілдері аудан тұрғындарымен кездесіп, осы жұмыстардың ауқымдылығын талқылады.
"Ескі тұрғын үй мәселесін шешуде кәсіпкерлердің әлеуетін жұмылдыру және жеке құрылыс салушылардың инвестициялық белсенділігін ынталандыру қажет. Осылайша, апатты және тозығы жеткен тұрғын үй мәселелері бірлескен күш-жігермен шешілетін болады. Нәтижесінде қаланың орталық бөлігімен бірге оның шеті де дамиды, тиісінше қаланың ескі бөлігінің келбеті де өзгереді", - деп түсіндірді астаналық Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.
Ауданның орталық бөлігін қамтитын бірінші кезең үшін 240 гектардан астам жер таңдалды. Құрылысқа BI-Group, "Мой дом" және Galamart сияқты ірі компаниялар қатысады.
Егемен Қазақстан мен Кенесары, Иманов пен Бейсекбаева, Таха Хусейн мен Тәшенев көшелерінің қиылысында жұмыстар басталды.
"Қаланы жақсартудың маңызды құрамдас бөлігі қаланың ескі аудандарын жаңартуға және жаңғыртуға бағытталған реновациялық бағдарламасы болып саналады, бұл қала тұрғындарының өмір сүру сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік береді", - деді "Астанабасжоспар" ҒЗИ директорының орынбасары, сәулетші Алтынбек Рысбаев.
Айта кетейік, "Астанабасжоспар" ҒЗИ ЖШС аудандық әкімдіктермен бірлесіп іске асыратын жаңарту бағдарламасы 2024 жылы 60 апатты үйдің (шамамен 4200 адам) тұрғындарын 1400 жаңа пәтерге көшіруді көздейді.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында «Мой дом» өкілі Айбек Есеев компания олардың апаттық мүлкін тиісті заңнама шеңберінде, бағалаудан кейін және өзара келісім бойынша сатып алуға дайын екенін атап өтті.
Астананың тұрғын үй қорын жаңғырту мен реновацияның 2028 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында Байқоңыр ауданында Асан Қайғы көшесінде алты жолақты жол салу басым бағыт болып саналады. Жол Амман көшесінен Таха Хусейн көшесі арқылы Алаш тас жолына дейін созылады, яғни жоғарыда аталған инвесторлардың көмегімен оң және сол жағалауды тікелей байланыстырады.
Өз тарапынан аудан әкімдігі өз жобаларын іске асыратын және Байқоңыр ауданында жаңа инфрақұрылым қалыптастыратын жергілікті немесе шетелдік инвесторларды қолдауға дайын екендігін білдірді.
Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы ұсынған материал