Апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігін зерттеумен Әзербайжан мамандары да айналысады

Әзербайжан мамандары Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректерді оқу процесіне қатысады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігінің мәліметінше, қара жәшіктерді CENIPA орталығына жеткізу және оқу процесі Әзербайжан мамандарының тікелей бақылауымен өтеді. Сонымен қатар бұл процеске осы салада маманданған халықаралық сарапшылар да қатысады, оларды Әзербайжан тарапы шақырған.

"Бұл қадам авиациялық оқиғаларды тергеу объективтілігіне қатысты күмәндердің алдын алып, халықаралық қауымдастықтың тергеу нәтижелеріне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Әзербайжанның Цифрлық даму және көлік министрлігі өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігі Бразилияға жіберілетінін хабарлаған едік. Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылданды. 

Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық билік өкілдерімен кеңесе отырып, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын авиациялық оқиғаны тергеу жөніндегі комиссия борттық өздігінен жазғыштарды (қара жәшіктерді) Embraer әуе кемесін шығарушы Бразилияның авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығына (CENIPA) жіберу туралы шешім қабылдады.

CENIPA орталығында қажетті техникалық мүмкіндіктер қарастырылған, тиісті құралдармен жабдықталған және оларды оқу үшін сертификатталған зертхана бар. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

Қара жәшік: ұшақ апатында ол неге аса маңызды зат саналады?

Айта кетейік, "Қара жәшік" - ұшақ немесе тікұшақ бортында орналасқан, пилоттардың әңгімесін бастан-аяқ өздігінен жазатын (тіркеуші) аспап, сенімді қорғалған жинақтаушы құрал. Бастапқыда өздігінен жазатын мұндай құралдар тек авиацияда қолданылатын, алайда ол біртіндеп басқа да көлік түрлерін пайдалану ісіне ене бастады. Апат болған жағдайда оның себебін анықтау кезінде борттағы пилоттардың әңгімелерінен апаттық жағдайға байланысты айғақтарды іздестіру ісінде қолданылады.

Алдымен, "қара жәшік" деген сөздің мағынасына үңіліп көрейік. Шындығына келер болсақ, "қара жәшіктің" түсі қара емес, оны апат болған жерден тезірек табу үшін көбіне қызғылт сары түске боялады. Екіншіден, "қара жәшік" пішіні жағынан жәшікке мүлде келмейді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!