ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Шымкент қаласына Елбасы Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатымен барып, "Dala FFruit.kz" ЖШС мен "Нұрым групп" шаруашылығының бордақылау алаңын аралады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді басым бағыттардың бірі ретінде атап өткен болатын. Еңбек өнімділігін және өңделген өнімдерді экспорттауды 2,5 есеге арттыру міндетін қойған. Сондай-ақ елімізге заманауи агротехнологияларды кеңінен тарту бойынша шараларды қабылдауды тапсырған.
- Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту.
Мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын елімізге заманауи агротехнологияларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет, - деген болатын.
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, АӨК-ні қолдаудың жоспарланған шаралары үш блокқа бөлінуі мүмкін: жүйе, индустрия және нақты инвестициялық жобалар. Өнеркәсіп мемлекеттік тетіктерді жетілдіріп, мемлекеттік қолдау көлемін арттырады, тиімсіз субсидияларды қысқарту жоспарлануда екен.
- Босайтын қаражат несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін, сондай-ақ, бірінші кезекте фермерлерді техникалық және технологиялық қайта жарақтандыруға арналған инвестициялық субсидияларды азайту үшін пайдаланылатын болады.
Министрлік ішкі нарықты қорғау және сыртқы нарықты кеңейту бойынша шаралар қабылдайды. Қазіргі уақытта ветеринариялық және фитосанитарлық талаптарды үйлестіру, техникалық реттеу саласындағы заңнаманы үйлестіру, ДСҰ-ға, ЕАЭО-ға интеграциялауға және көршілес елдердің нарықтарына жүйелі жұмыс жүргізілуде, - деген ресми хабарламада.
Агроөнеркәсіптік кешен өнімінің 9 айдағы экспорты 28%-ға, оның ішінде өңделген өнімінің экспорты 10%-ға ұлғайған.
- Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринарлық талаптар келісілді. Ал биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ірі қара малды және ұсақ малды Сауд Арабиясына және Біріккен Араб Әмірліктеріне, ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізуге қойылған шектеулер алып тасталды.
Ет және сүтті ірі қара мал, құс, суармалы жерлерді дамыту бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірленді. Аймақтар бойынша, салалық бағдарламалардың шаралары мен көрсеткіштері аймақтық бағдарламаларда көрініс табады, - деген ақпаратта.
Бүгінде Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау мақсатында Шымкент қаласында бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын айтқан қала басшысы Ғабидолла Əбдірахымов алдағы уақытта "Шымкент" агроиндустриялық аймағы құрылатынын жеткізді. Жобада аграрлық секторды экономиканың жаңа қозғаушы күштеріне айналдыру қажеттігі ескерілетін болады. Оған 20 млрд теңге жеке инвестиция тар тылып, 40 кəсіпорын ашу жоспарлануда. Нəтижесінде Шымкент те бүкіл оңтүстікте өсетін ауыл шаруашылық өнімін өңдейтін кластер құрылып, 2022 жылы ауылшаруашылық өнімінің көлемі 67,5 млрд теңгеге жеткізілмек.
Ірі инвестициялық жобаларды іске асыру басталып кетті. Ұлтаралық компанияларды экспорттық нарықтармен Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне тарту олардың капиталға ғана емес, сондай-ақ жаңа өндіріс пен технологияларды инвестициялауына, жаңа басқару тәсілдерін енгізуге және танымал әлемдік брендтердің белгісімен ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді.
Іс-шара шеңберінде қатысушылар "Dala Fruit.kz" ЖШС және "Нұрым групп" ЖШС бордақылау алаңы қызметімен танысты.