Аңыз vs шындық: қазақтың ата-балалары көк көзді болған ба?

Қазақтардың сырт-келбеті әртүрлі деп жатады. "Біз бұрын сары болғанбыз" немесе "түп атамыз көк көзділер" деген сөзді де жиі естіген шығарсыз. Шынында да, солай ма? Қазақтардың бет-бейнесі қалай қалыптасты? Қазақ қандай тайпалардың бірігуінен шықты? Massaget.kz тілшісі ғалымнан анығын сұрады. 

Қазақтар көк көзді, сары болған деген түсінік қалай тарады?

Ғалым Оразақ Смағұл ежелгі және қазіргі еуропеоидтардың айырмашылығы бар екенін айтады. Оразақ пен Айнагүл Смағұл бірігіп шығарған монографияда қазіргі қазақтардың ежелде территориясын мекендеген тайпалармен сабақтастығы бары туралы былай деп жазады:

"Бұдан 4 мың жыл бұрын Алтай мен Каспийге дейінгі аралықты мекен еткен қазіргі қазақтардың ежелгі ата-бабалары бет-бейнесі, дене құрылысы, қаңқа сүйегі жағынан көне еуропеоид болған. Біз әр өңірдің көне еуропеоидтардың өзіндік аймақтық ерекшеліктері болғанын түсінуіміз керек. Соның ішінде Қазақстан жерін мекендеген еуропеоидтардың беттері жалпақ, аласа, мұрындары қоңқы, маңдайлары тайқылау келген. Олар - қазіргі қазақ расасының түзілуіне негіз болған адамдар. Қалай болғанда да, ең түпкі, арғы атасы", - деді Оразақ Смағұл.

Тарихшы Жақсылық Сәбитов бұл зерттеудің қалай бұрмаланғанын және астарында не жатқанын айтты.

"Ежелгі тайпалармен қазақтардың ортақ байланысы бар екенін көрсету территорияны иемденуге құқығы бар екенін дәлелдеу үшін қажет болды. "Моңғолдардың тайпалары 13 ғасырда келіп, келбетімізді бұзды" дейтін сөз осыдан қалған. Иә, көпшілікте әлі де "бұрын қазақтар сарғыш болған" деген түсінік бар. Жалпы қазақтарда қазіргі еуропалықтар сияқты келбет болған деген теория қайдан келді? Соған үңілсек. Ғалым-антрополог Оразақ Ысмағұл Қазақстанның ежелгі территориясын мекендеген еуропеоидтардың көз көк, шашы сары болуы екінші дәрежелі белгілер ғана екенін жазған еді. Алайда бұл теория бұрмаланып, саясатқа айналды. Яғни Қазақ ССР саяси элитасы үшін тиімді болды. Ғалым қазақтарды зерттей келе, әр жүздегі қазақтардың физикалық антропология жағынан бір-бірінен айырмашылығы аз екенін дәлелдеді. Андроновтықтар 100 пайыз еуропеоид болған, дегенмен профессор андроновтықтар мен қазіргі қазақтар арасындағы сабақтастықты көрсете білді", - дейді ол.

Сонымен еуропоид болғанбыз ба?

"Бүгінгі таңда қазақтардың физикалық антропологиясының 70 пайызы - моңғолоид, 30 пайызы- еуропеоид. Бұл антропологиялық бейнеміз 13 ғасырда қалыптасты. Ол ел аумағын мекен еткен оғыз, қыпшақ тайпалары мен моңғол шапқыншылығы кезінде келген түркі-моңғол тектес рулардың араласуынан пайда болды. Осыған қарап, қазақтар аралас антропологиялық тип деп айта аламыз", - дейді Сәбитов.

Қазіргі бет-бейнеміз қашан өзгеріске ұшырады?

"Антрополог Леонид Яблонский қазақтардың Алтын Орда көшпенділеріне өте жақын екенін айтып кеткен болатын. Физикалық антропология тұрғысынан үш жүздің қазақтары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленбейді. Мұны аутосомды маркерлер бойынша зерттеулер дәлелдеді. Сондай-ақ, башқұрт генетигі Баязит Юнусбаев та қазақ халқының 13-14 ғасырлардағы біртұтас этногенетикалық ұжым болғанын айтқан еді. Бұл деректер қазақтардың антропологиялық типінің пайда болуын сол кезеңге жатқызған Оразақ Ысмағұловтың деректерімен сәйкес келеді. Демек, ол кезде қазақтар мұндай атаумен этнос ретінде болмаған, бірақ этногенетикалық және антропологиялық типі бұрыннан болған. Жалпы 13 ғасырға дейін Қазақстан аумағында моңғолоидтық және еуропеоидтік типтегі халықтар 50/50 болды, яғни тең болып келді. Кейін Шығыс Азиядан көшпелілер - моңғолдар, наймандар, жалайырлар және олармен бірге басқа тайпалар легі келгеннен соң бұл қатынас моңғолоидтардың пайдасына 70/30 өзгерді", - дейді зерттеуші.

Жасұлан Ордабаев

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!