Антикор ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровке қатысты тергеу жүргізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына 10 сәуірде Алматы қаласы прокуроры орынбасарының өтініші келіп түсті. Өтініште ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ВЖТТ басшысының күдікті деп танылған Ілияс Өсеровке қатысты екі ай мерзімге үй қамағына алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы көрсетілген. Бұл өтініш қанағаттандырылып, күдіктіге қатысты екі ай мерзімге, яғни 2023 жылғы 10 маусымға дейін үй қамаққа алу бұлтартпау шарасы қолданылды", - Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының баспасөз қызметі өкілдері.
Айта кетейік, Ілияс Өсеров былтыр наурызда ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалған еді.
Ол 2019 жылғы мамырдан 2022 жылғы наурызға дейін Алматы әкімінің орынбасары болды.
Ал 2015-2019 жылдары Алматы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, бастығы қызметтерін атқарған.
Еске салайық, бір күн бұрын, 11 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалиды қабылдаған болатын. Жиын барысында Президент жоғары лауазымды тұлғалар арасындағы сыбайлас жемқорлықты анықтау мен жолын кесуге баса назар аударуды тапсырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!