Антикор “Қазақтелеком“ қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр

Антикор “Қазақтелеком“ қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр
Фото: gov.kz

"Қазақтелеком" АҚ филиалы - сервистік фабрикасы лауазымды адамдары өкілеттерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Жамбыл облысы бойынша департаменті ұлттық компанияның жылжымайтын мүлік портфелін басқаруға жауапты бөлімше - "Қазақтелеком" АҚ филиалы - сервистік фабрикасының лауазымды тұлғаларына қатысты өкілеттерін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.

"Филиалдың бас директоры мен бірқатар қызметкері мемлекет мүддесіне қайшы және кәсіпкер үшін пайда табу мақсатында оған Тараздағы Қоғамның әкімшілік ғимаратын көрінеу төмен бағамен сатқан деген күдікке ілінді. Олардың заңсыз әрекеттерінің салдарынан мемлекетке 450 миллион теңгеден астам сомаға материалдық залал келді. Келтірілген зиянды өтеу жөніндегі қамтамасыз ету шаралары ретінде жоғарыда аталған нысанға тыйым салынды", - деп хабарлады Антикордың баспасөз қызметі.

Соттың санкциясымен күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

М. Лұқпан