Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іздеуде жүрген адамнан құны 2,3 млрд теңгеден асатын мүлікті тәркіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Антикор мәліметінше, 2022 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген және ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікке ілінген адамның қаражаты мен активтері қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденген.
Ол қымбат жылжымалы және жылжымайтын мүлік, соның ішінде жұбайына ресімделген нысандарды сатып алу үшін шамамен 1,5 млрд теңге көлеміндегі заңға қайшы ақшаны пайдаланған.
"Олардың қатарына Алматы қаласы мен Алматы облысындағы люкс көлік, пәтер, жер учаскелері, тұрғын үйлер мен құрылыс нысандары жатады. Тергеу барысында қосымша 1,7 млн АҚШ доллары (872 млн теңгеден аса ақша), Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі айыпталушы мен оның жұбайының шоттарынан 47 млн теңге анықталды. Олар қылмыс жасау кезінде алынған және олардың ресми табыстарына сәйкес келмейді", - деп жазылған хабарламада.
16 маусымдағы сот қаулысымен қаражат пен мүліктер мемлекет кірісіне тәркіленді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!