- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Антикор қазақстандықтарға үндеу...
Антикор қазақстандықтарға үндеу жасады
Антикор қазақстандықтарға үндеу жасады. Ведомство мәліметінше, алаяқтар "Халық заңгері" республикалық акциясының атауын пайдалануда, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алаяқтар жалған бейнероликтерді интернетте таратып, Қазақстан азаматтарының басым көпшілігін адастыруға ұмтылып жүр. Жасанды интеллект технологиясымен жасалған бұл материалдар мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылуда. Алаяқтар адамдарды ақылы негізде адвокатпен байланысу үшін сілтемелерді басуға және жеке мәліметтерін беруге үгіттейді.
Бейнежазбалар монтаждық кадрлардан құралып, жалған дыбыспен сүйемелденген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Халық заңгері" акциясы аясындағы барлық заң консультациялары тегін негізде берілетінін еске салады. Бұл азаматтық қоғамды дамытуда, құқықтық сауаттылықты арттыруда және халыққа заңгерлік көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, "Халық заңгері" республикалық акциясы тек офлайн форматта өткізіледі.
"Халықты жалған ақпараттарға сенбеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, сондай-ақ қаражат аудармауға шақырамыз. Осындай қоңыраулар мен таратылымдарды алған жағдайда осы фактілер туралы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына дереу хабарлауды сұраймыз", – делінген хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина