Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров жаңа алаяқтық схемасы туралы мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы кезде алаяқтар Антикор басшысы ретінде танысып, "мәселелерді шешуге" уәде беріп, қоңырау шалу жағдайлары жиілеген. Мысалы, әлеуметтік желілерде Антикор басшысы Асхат Жұмағалиев болып жалған танысып, Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы мектеп директорының телефонына қоңырау шалып, жеке мәселелерді заңсыз шешуге тырысқан алаяқтық жағдай тіркелген.
"Осыған байланысты ескертеміз, алаяқтар мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде (WhatsApp, Telegram, Instagram, Facebook) жалған аккаунттар жасап, сондай-ақ телефон арқылы қоңырау шалып, Агенттіктің басшылығы мен қызметкерлері ретінде танысып, азаматтарды алдау және заңсыз пайда алу үшін әрекет етеді", - деді Данияр Бигайдаров Антикор брифингінде.
Ол алаяқтардың қоңырауларына сенбеуге, күдікті сілтемелерге өтіп кетпеуге, ақша аудармауға және осындай хабарламалар алған жағдайда бірден құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!