Антикор астаналық салық қызметкерінің үйінен миллиондаған ақша тапты: қандай үкім кесілді?

Астана соты қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2024 жылғы 13 қарашада Астана сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Төлегеновке қатысты қылмыстық істі апелляциялық тәртіппен қарады. 

"Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының биылғы жылғы 24 қыркүйектегі үкімімен Астана қаласы бойынша МКД жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бөлім басшысы Р.Төлегенов мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген тұлға бола отырып, С. ЖШС директорынан артық төленген қосылған құн салығын қайтарып, 3,6 миллион теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды (пара сомасы қосылған құн салығы қайтарудан 10% 36 млн теңге сомасында), және белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды", - делінген хабарламада.

Сот үкімімен келіспей, сотталған мен оның қорғаушылары сотталушының кінәсін дауламай, үкімді жеңілдету жағынан өзгертуді және айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Апелляциялық саты сот үкімімен келісті.

"Салықтық әкімшілендірудің ашықтығы мен тиімділігі өз кезегінде инвестициялық ахуалдың жақсаруына әкелуге тиіс. Алайда Р.Төлегенов Астана бойынша МКД жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының бөлімін басқара отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады.  Осылайша, ол қабылданған антын бұзып, қоғам алдында ішкі кірістер қызметінің беделін түсірді және мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімге нұқсан келтірді. Мұндай жағдайларда бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза ҚК 52-бабының талаптарына сәйкес келеді", - деп хабарлады сот. 

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз