Танымал Telegram-арналарының бірінде Антарктидадағы адам қолымен жасалған пирамидалардың ішіне кіріп-шыққан ғалымның әңгімесі жарияланды. Құрылымдар мысырлық нысандарға ұқсайды және ішінде артефакті көп. Баяндамашының айтуынша, бұл ақпарат бұрын құпия болған. Бірақ видеода келтірілген барлық дерек жалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Бастапқы суретте көрерменге бұл адамның кім екені және видеоның қайдан алынғаны түсіндіріледі. Кадрдағы қарт адам - Массачусетс университетінің профессоры Габриэль Дж. Тейлор. 1975 жылдары ол Антарктиданы зерттеп, пирамидалардың ішінде болған екен. Ол қайтыс болғаннан кейін сол экспедициялардан құжаттар, артефактілер, фотосуреттер мен киноматериалдар қалған. Мұрагерлер бәрін аукционға шығарған. Лотқа жарнама ретінде үш сағаттық жазбадан 20 минуттық видео жасалған. Конспирологтардың айтуынша, Тейлордың бүкіл мұрасын америкалық арнайы қызметтер сатып алған. Тек интернетте тараған ролик қалған.
Шын мәнінде, бұл адам туралы Желіде ешқандай ақпарат жоқ. Адам сөзінің орнына көбінесе естілмей қалатын механикалық дауыс естіледі. Сонымен қатар, профессордың әңгімесін орыс тілінде дыбыстаған аудармашы алдын ала дайындалған мәтінді оқығандай тоқтамай сөйлейді.
Әңгіме барысында интернетте көпшілікке қолжетімді бейберекет суреттер мен видео үзінділер көрсетіледі. Фантастикалық қалалардың суреттері де, мысырлық перғауындардың қарындашпен салынған эскиздері де, қар басқан аумақтардың бұлыңғыр фотолары да бар.
Пирамидаға ұқсас тау бейнеленген фотосуретке тоқталайық. Оның бары туралы 2013 жылы Alien Disclosure Group ("Өзгеғаламшарлықтар туралы ақпаратты ашу тобы") мүшелері хабарлады. Олар жартастың суретін таратып, оны адамдар салған деп айта бастады. Топ мүшелерінің бірі Стивен Ханнард жалған видеолар жариялағаны үшін бірнеше рет ұсталғанын айта кеткен жөн.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар Alien Disclosure Group мәлімдемесін жоққа шығарады. Антарктидадағы пирамида - бұл пішіні ерекше тау. Ол Винсон сілемінде орналасқан. Бұл үстірттің суреттерін альпинистер 2010 жылы түсірген. Бүгінде тауларды Google Maps картасынан көруге болады.
Калифорния Университетінің Жер жүйесі ғылымдарының профессоры Эрик Риньо да пирамида табиғи түрде қалыптасқан деп санайды. Үстірттердің көбі пирамидаға ұқсайды, бірақ олардың төрт қырлы болуы сирек кездеседі, әдетте бір немесе екі қыры ғана болады.
Фейк видеода ресми атауы жоқ, бірақ Антарктидадағы Элсуорт тау жотасына кіретін жартастың да суреті бар. Бұл тауларды 1935 жылы қарашада америкалық ұшқыш Линкольн Элсуорт ашқан. АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) 2007 жылғы есебінде пирамида тәрізді тау жоталары туралы айтылған.
Неліктен таулар пирамидаға ұқсайды? Мұндай жартастардың ұзындығы 400 шақырымнан асады, ал мұздық шыңдары тастан тұрады. Егер осындай биіктікке жоғарыдан қараса, онда көз алдыңда пирамида тұрғандай болады. Ғалымдар мұндай жартастарды бұрыннан "пирамидалық шыңы бар таулар" деп атайды.
Геологтардың пікірінше, осындай жұмбақ пішін ғасырлар бойы таулардың эрозияға ұшырауына байланысты қалыптасады. Қар еріген кезде тау жарықтары суға толады. Мұз қатқан кезде олар соның есебінен ұлғаяды. Процесс үздіксіз, сондықтан үлкен жарықтар пайда болған кезде таудың бір бөлігі жай құлап кетеді.
Антарктидадағы пирамидалар туралы жиырма минуттық видео - интернеттен алынған суреттер жиынтығы, сондай-ақ дауысы біртүрлі белгісіз адам өз пікірін айтады. Оңтүстік полюсте қолдан жасалған пирамидалар барына нақты және сенімді дәлелдер жоқ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз