Әнші Тина Тернер қайтыс болды

Америкалық және швейцариялық әнші, актриса және биші Тина Тернер 83 жасында қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тина Тернерді "рок-н-ролл ханшайымы" атап кеткен. Әншінің өмірден өткені туралы оның Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды.

Әнші ұзақ жылғы дертінен кейін өмірден өтті. Ол Цюрих маңындағы Швейцарияның Кюснахт қаласындағы өз үйінде қайтыс болған.

Әнші бұған дейін инсульт алған, қатерлі ісік және бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққан, соның салдарынан 2017 жылы бүйрегін ауыстырған.

Тернер өмірінің соңғы жылдарын камерадан, көпшіліктен алыс өткізгісі келгенін айтқан.

2022 жылғы желтоқсанда оның кенже ұлы, 62 жастағы Ронни Тернер тоқішек қатерлі ісігінің асқынуынан қайтыс болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!;