Әнші Рахат Тұрлыханов ісі бойынша сот отырысы Алматы қалалық сотында жабық режимде өтті. Тұрлыханов 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осы материалды қарау барысында алқа бұрын жұбайына бірнеше рет ұрып-соғу фактісінің болуына байланысты тағайындалған жаза бөлігінде бірінші сатыдағы соттың қаулысымен келіспеді. Алматы қалалық соты алқасының қаулысымен Алматы Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың қаулысы өзгертілді", - делінген сот хабарламасында.
Сот алқасының қаулысымен Тұрлыхановқа қатысты жазалау шарасы ескертуден баптың санкциясы шегінде 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға өзгертілді. Қаулы заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс сотта қаралып жатқаны хабарланған болатын. Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сайтында ақпараттың рас-өтірігін тексерілген еді. 3 қаңтарда Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қарауға қабылданған.
Артынша әнші кінәсін мойындап, әкімшілік ескерту түрінде әкімшілік жазаға тартылған болатын.
Кейіннен Рахат Тұрлыханов пен жұбайы Алтынай кейінгі жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Бәріңізге сәлем. Бұл - Рахат Тұрлыханов және жұбайым - Алтынай. Кейінгі жаңалықтарға байланысты пікір білдіруді ұйғардық. Алтынай бәрін өзі айтса, дұрыс шығар", - дейді видеода әнші.
"Рахатпен арамызда бәрі жақсы. Рахат - қамқор, мейірімді күйеу, әке. Иә, барлық отбасында болатыны секілді біздің де арамызда ұрыс, түсініспеушіліктер болды. Бірақ барлық жағдайды білмесе де оны жаман жағынан көрсетіп жатыр. Бәріңіз алаңдап жатсыздар, алаңдайтындай ештеңе жоқ. Бізді бәрі жақсы", - дейді әншінің жұбайы видеода.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз