Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова жанкүйерлерінің берген сыйлықтары жайлы әңгімелеп берді. Massaget.kz тілшісі қазақтың ерке қызының ел естімеген әңгімесін тарқатады.
Мақпал Жүнісова халықтан алған сыйлықтарының өте көп екенін айтты. Оның сөзінше, биыл үйіне жөндеу жұмыстарын жасау барысында өнерпаздың жанкүйерлері керек заттарын сыйлыққа тегін берген.
"Маған өте көп сыйлық сыйланады. Мен халқыма бір тал гүл берсе де разымын. Осы жақында үйімнің жөндеу жұмысына керек заттарды сыйлыққа алдым. Бір жанкүйерім "Мақпал апа, сіз біздің сүйікті әртісімізсіз. Сізді жақсы көреміз" деп бес кілемді тегін бере салды. Сатып аламын десем ренжіді. Алмаймын десем де, қоймады. Амал жоқ, ілтипат ретінде қабылдаймын. Одан кейін тағы бір бауырым үйге жиһаздарды да тегінге берді. Құдайдың беріп жатқан несібесі ғой. Мен біреуге бірдеңе беріп жатсам, екінші жақтан маған қайтып келіп жатады", - деп жауап берді ол тілші сұрағына.
Сондай-ақ ол осы уақытқа дейін оған сыйланған сыйлықтардың ішіндегі ең қымбаты қанша тұратынын айтты.
"Маған сыйланған ең қымбат сыйлық - халықтың ыстық ықыласы. Концертіме көрерменнің көп жиналуы. Олардың маған деген жылы лебізі, ақ пейілі, ізгі ниеттері. Мен үшін осыдан асқан қымбат сыйлық жоқ", - деді ол.
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова - қазақ эстрадасының көрнекті әншісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор. 1963 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік бірлестігінің солист-вокалисі болып қызмет атқарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдени-ағарту факультетін бітірген. Өзінің ерекше дауысымен және орындаушылық шеберлігімен танымал болған ол көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты атанды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!