Әнші Еркеш Хасен: "Көзің әдемі" - алғашқы хит әнім

Танымал әнші, "Айгөлек" бағдарламасының бұрынғы жүргізушісі, "Көзің әдемі" әнін орындайтын Еркеш Хасен "Жұлдыз FM" қонағы болып, әке атанғандағы алғашқы сезімін, хит әні қалай жазылғаны туралы сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің айтуынша, әнінің түпнұсқасынан бұрын Speedup (өңделген, тез - еск.) түрі TіkTok-та бірден танымалдыққа ие болған. Тіпті осы әнге қазір жаңа тренд пайда болды. Онда қолданушылар қазіргі және кішкентай кезіндегі суреттерін көрсетеді. TіkTok-та бұл дауысқа 46 мыңнан аса видео түсірілген. 

"Қазір ол тренд қой. Тренд болғасын одан қалмау керек. Speedup - әннің таралуына жақсы ықпал етті. Тіпті бейнебаян түсірудің қажеті болмай қалды. Қазір бәрі жеңіл ғой, Speedup, TіkTok және бір музыкалық видео түсіріп, оны Желіде таратсаң болды, қиындатудың керегі жоқ", - деді өнер иесі. 

@erkesh.khasen #анамнанкейін #хочуврек #әдемі #fyp ♬ оригинальный звук - Erkesh?

Әншінің айтуынша, әзір концерт беру жоспарында жоқ, бірақ бірнеше әнін алдын ала жазып қойған. 

Instagram/galiya_baibossynova

Сондай-ақ, Еркеш Хасен Қазақстандағы заманауи музыка индустриясының қалай дамып келе жатқанын айтты. 

"Бір байқағаным, қазір тойдың әндері не сапалы әндер деп бөлінбейтін болды. Тыңдарманның музыкалық интеллекті өсті. Концертте фонограмма мен жанды дауысты да ажырата алады. Сонымен қатар, бұрын әншілер әндерін тойға икемдесе, қазір сапаға мән береді. Ең өкініштісі, музыканттар композиторларға жүгінбейтін болып кетті, әндер бір зауыттан шығып жатқан сияқты. Бұдан басқа, біздің әншілер түрлі чартта бірінші орындарда тұрса да, жақсы тыңдалым жинап жатса да, соған сәйкес табыс көзін көрмейді. Мәселен, шетелде әнші әр платформадан, жүктелімнен, тіпті әні сауда орталықтарында қосылса, содан да ақша алып отыр. Ол үшін бізде бұл сала дұрысталуы керек", - дейді Еркеш Хасен.

Өнер иесі тамызда алғаш рет әке атанды. Ол бастапқыда қандай сезімде болғанын, сәбиі өмірге жаңа дем бергенін айтты.

"Әке атану - керемет сезім. Балам дүниеге келген кезде көп жұмыс істей алмайтынымды алдын аа түсіндім. Сондықтан бір жыл бойы дайындалдым. Қызым дүниеге келгенге дейін әндерім хит болды деп айтпай-ақ қояйын. "Көзің әдемі" - алғашқы хитім. Әр баланың несібесі бар дейді ғой. Еңбегімнің жемісі қызыммен келді. Тамызда қызым дүниеге келді, қыркүйекте сериалға түстім, қазанда алғашқы хитім шықты. Мәселе менің жетістігімде емес, қызым өміріме жаңа дем берді. Кейде жұмыстан қатты шаршап келгенде қызыма бір қараймын да, барлық шаршағаным лезде басылады", - дейді өнер иесі. 

Айта кетейік, Ерке Хасен - 2011 жылы ресейлік "Минута славы" телебағдарламасының финалисі, Марат Омаровтың шәкірті әрі "Айгөлек" балалар бағдарламасының бұрынғы тележүргізушісі. Оның "Көзің әдемі", "Жылама", "Дұрыс болмады", "Ботам-ау", "Қайын атамның қызы", "Әкем патша" әндері бар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!