Әнші Navai екі айын қамауда өткізеді

Сот ресейлік рэпер Наваи Бакировқа (Navai) бұлтартпау шарасын таңдады. Ол алдағы екі айды қамауда өткізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицияның мәліметінше, есірткі контрабандасы және оны заңсыз сақтауға қатысты қылмыстық заңнаманың екі бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін танымал әнші 13 қазанда Қазақстанға кіреберістегі "Қордай" шекара бекетінде ұсталғаны хабарланған болатын. Әнші отырған көлікті тексеру кезінде есірткі табылып, тәркіленді. Операцияны полицейлер шекара қызметімен бірлесіп жүргізген. 

14 қазанда әншінің Астанада концерті өтуге тиіс еді. Алайда ол өтпей қалды. Ұйымдастырушылар мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндірді.

Наваи Бакиров (Navai) - танымал ресейлік рэпер әрі әнші, HammAli & Navai дуэтінің мүшесі. Сондай-ақ, жеке хиттердің ("Пустите меня на танцпол", "Прятки", "Девочка-война") авторы ретінде танымал.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!